ТЖД Түркістан облысында жоғалған туристерді тікұшақпен іздестіріп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ерік Сарыбаев мәлімдеді.

Қазіргі таңда Түркістан облысы Төлеби ауданында орналасқан Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Белгілі болғандай, 21 мамыр күні сағат 8 уақыт шамасында 7 адамнан құралған бір топ турист таулы жорыққа шыққан, - деді ТЖД өкілі.

Оның айтуынша, туристер бес асуға баруды жоспарлаған.

Үш күн бойы жүргізіліп жатқан іздестіру жұмыстары нәтижесіз. Іздестіру жұмыстарына ТЖД құтқарушылары мен қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық парк қызметкерлері және шекара қызметінен 50-ден аса адам жұмылдырылды, - деп атап өтті Ерік Сарыбаев.


Кешегі күнгі жағдай бойынша 37 шақырымнан астам жерді жаяу жүріп, таулы асуларда іздестіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге квадракоптерді ұшырып, радиусы 400 шақырымнан асатын аумақтар зерттелді.

Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы әуежайда еурокоптер тікұшағы дайын тұр. Алдыңғы күндері ауа райының қолайсыздығына, яғни таулы аймақтардағы қар, жаңбыр жаууына байланысты тікұшақ арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізу мүмкін болмады, - деді ол.

Айтуынша, бүгінгі күні тікұшақ әуеге көтерілді. Зерттеу жұмыстарының жүргізілуі басталды. Сондай-ақ қосымша ұшақтарды іске қосу мәселесі шешіліп жатыр.


Еске сала кетейік, Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалып кеткені туралы хабарлаған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы