ТЖД ескертеді!
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кіші Алматы және Үлкен Алматы бассейндерінде қар көшкіні жүруі мүмкін. Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға қар көшкінін тудырмас үшін қар басып қалған тау бөктерлеріне шықпауға кеңес берді.
Алматыда мол жауған қардан көліктердің үстіне ағаштар құлаған.
"Қазгидромет" таратқан ескерту негізінде Алматының Төтенше жағдайлар қызметі қардың көп түсуі және тау бөктеріндегі қар жамылғысының тұрақсыз болуына байланысты Кіші Алматы мен Үлкен Алматы өзендерінің бассейндерінде 16 ақпан күні қар көшкіні болуы мүмкін екенін хабарлады.
Қар көшкінін тудырмас үшін қар басып қалған тау бөктерлеріне шықпауға кеңес береміз. Тауда абай болыңыздар. Бүгін қардың мол жаууына байланысты тауға сапарлаудан бас тартқан жөн, - деп мәлім етті Төтенше жағдайлар департаменті.
Қардың шамадан тыс көп түсуінен бірнеше ағаш құлаған. Орын алған 9 жағдайдың екеуінде ағаштар бұтағы көліктің үстіне құлаған. Зардап шеккендер жоқ.
Айта кетейік, Алматыда түнде жаңбыр жауып, арты қарға ұласты. Қаланың жоғарғы жағына 15 см қар жауса, таулы аумақтарға 25 см қар түсті.