Кеше 2026, 21:50 Фото: Астана қаласының әкімдігі

ТЖД Астанадағы хостелдерді тексерді: Қандай заңбұзушылықтар анықталды?

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.

Астанада хостелдерде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту мақсатында қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері профилактикалық рейд жүргізді. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Рейд барысында мамандар хостел иелері мен тұрғындарға өрттің алдын алу шараларын түсіндіріп, төтенше жағдай кезінде әрекет ету тәртібі мен эвакуация ережелерін еске салды. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарының жиі кездесетін бұзушылықтарына назар аударылды.

Астана қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылауы басқармасының инженері, аға лейтенант Ерназар Қаршығаның айтуынша, тексеру кезінде эвакуация жолдарының жанғыш материалдармен жабылуы, ақаулы электр құралдарын пайдалану, белгіленбеген орындарда темекі шегу және алкогольдік ішімдік ішу сияқты заңбұзушылықтар жиі анықталады.

Өрттің алдын алу мақсатында полиция қызметкерлерімен бірлесіп рейдтер ұйымдастырып, хостелдер мен уақытша тұру орындарында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Мұндай шаралардың басты мақсаты – адам өмірін сақтау, өрттің туындауына жол бермеу және қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, – деді Ерназар Қаршыға.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі мақсат – өрт қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастырып, төтенше жағдайлардың алдын алу.