ТЖ кезінде қызмет еткен ақмолалық полицейлерге сыйақы төленеді

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген ақмолалық полицейлерге сыйақы төленеді. Үздік қызметкерлер мемлекеттік наградаларға ұсынылатын болады. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев мәлімдеді. 

Парламент Мәжілісінің отырысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарын мемлекеттік қолдауға ерекше назар аударды. 

Өңір басшысы жергілікті полиция қызметінің қызметкерлеріне облыстық бюджет есебінен ақшалай сыйақы төленетінін атап өтті. Сонымен қатар, үздік полицейлер марапаттарға, соның ішінде мемлекеттік марапаттарға  ұсынылатын болады. Сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын департаменттің басқа да қызметкерлеріне сыйақақы берілмекші. 

Барша ақмолалықтар және өз атымнан облыстық полиция департаментінің барлық жеке құрамына, жергілікті полиция қызметіне, «Арлан» арнайы жасағына, СОБР жиынтық жасағына және патрульдік-күзет қызметіне, сондай-ақ комендант, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзиннің антқа және қызметтік парызына адалдығы үшін алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің бірде біреуіңіз осы күндері ұйқы мен тынығуды білмей, ақмолалықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғадыңыздар, –деді Ермек Маржықпаев. 

Облыс әкімдігі полиция департаментінің қосымша қажеттіліктерін пысықтауда. Полиция қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы күшейтіледі, құқық қорғау жүйесіне толық жаңғырту және қайта құрылымдау жүргізіледі.

Өкінішке орай, бүгінгі таңда қызметтің жабдықталуы көп нәрсені қалайды. Осыған байланысты бюджеттен автокөлік, оқ-дәрі, қорғаныс, өзін-өзі қорғау және радиобайланыс құралдарын сатып алуға қаражат бөлінеді. Барлық позициялар бойынша Президент атаған мәселелерді қысқа мерзімде шешу жөнінде тапсырма берілді. Кадрлық және техникалық әлеуетті арттыру, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын арттыру бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр, – деп атап өтті Ақмола облысының әкімі. 

Қаза тапқандар мен жараланғандар арасында Отан қорғауға шыққан полиция, Ұлттық ұлан қызметкерлері мен әскери қызметшілер бар. Көптеген өңірлерде әкімшілік ғимараттар, әлеуметтік сала нысандары қирады, шағын және орта бизнеске үлкен залал келтірілді.

Осыдан бір апта бұрын елімізде тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет қоғамның біртұтастығын қатаң сынаған қайғылы оқиғалар орын алды. Біз террордың, жаппай шабуылдардың, тонау мен азаматтарға қатысты зорлық-зомбылықтың куәгерлері болдық. Ең сорақысы, кінәсіз адамдар қаза тапты. Осы сәтте елдегі бейбітшілік үшін күресіп, соңғы секундқа дейін Отанға адал болған азаматтарды естен шығару мүмкін емес. Құқық қорғау органдарының бірнеше ондаған қызметкерлері қылмыскерлердің қолынан қаза тапты, 1000-нан астам полиция, қарулы күштер және арнайы орган қызметкерлері жарақат алды. Біреудің әкесі, жұбайы, ұлы, ағасы қызметтен оралмады. Біз қайтыс болғандардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз, – деді Ермек Маржықпаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы