ТЖ. Даниал Ахметов ШҚО-да жағдай бақылауда екенін айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өскемен және Семей қалаларында облыстың ірі кәсіпорындары мен мекемелерінің, сондай-ақ банк құрылымдарының өкілдерімен кеңес өткізді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кеңес күнтәртібінде өңірдегі жағдайды одан әрі тұрақтандыру, ШҚО тұрғындарына жалақы, зейнетақы мен жәрдемақыларды уақытылы беру мәселелері талқыланды.
Даниал Ахметов атап өткендей, қазір жағдай толық бақылауға алынған. Барлық өнеркәсіптік кәсіпорындар, дүкендер, дәріханалар мен медицина мекемелері коменданттық сағатты ұстана отырып жұмыс істеуде. Аймақта азық-түлік қоры жеткілікті, азық-түлік тағамдарын іркіліссіз жеткізу бойынша барлық шаралар қабылдануда. Бұл ретте, баға спекуляциясына жол берілмейді.
Бұдан бөлек, облыс тұрғындары төлем карталарынан ақша шешіп алу үшін банкоматтарда ақша көлемі жеткілікті. Екінші деңгейлі банктер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Шығысқазақстандықтарға барлық қажетті төлемді жасау үшін өңірде қаражат бар.
Сондай-ақ әкім интернеттің қолжетімсіздігіне байланысты жағдайға түсінік берді. Мұның себебі, интернет террористер үшін коммуникация және ақпарат алмасудың, олардың іс-қимылын үйлестірудің құралы болып табылады.
Даниал Ахметов аталған қолайсыздыққа түсіністікпен қарауға шақырды және интернет Қазақстанның барлық дерлік өңірінде жоқ екендігін атап өтті.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, полиция және әскери қызмет қатарынан 25 қызметкер жарақат алды, 13 машина және 1 полицияның 1 модульдік посты өртелді. Қазір шығын көлемі есептелуде, тергеу жүріп жатыр. Сол себепті өзге ақпарат жариялануға жатпайды.
Д.Ахметов облыс тұрғындарын араңдатушылыққа ермеуге және расталмаған ақпарат таратпауға шақырды.