ҚТЖ: Арыстағы жағдайдан соң 12 мың жолаушы тегін жеткізілді

Нұр-Сұлтан,BAQ.KZ тілшісі. «Жолаушылар тасымалы» АҚ Сервис және клиенттермен жұмыс департементінің директоры Әлібек Сұлтанов Арыстағы жағдайға байланысты жол үстінде қалып қойған жолаушыларға қандай көмек көрсетілгенін айтты.


"Тікелей азаматтармен жұмыс істейтін ұлттық тасымалдаушы Арыс қаласында төтенше жағдай жарияланған соң жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық күштер мен құралдарды жұмылдырды. Орталық аппаратта жедел штаб құрылды. Шымкент, Түркістан, Арыс станцияларында барлық қатысты қызмет пен билет кассалары күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Акционерлік қоғамның барлық қызметкері тәулік бойы жұмыс істейді",- деді ол. 

Департамент директоры ел бойынша пойыз жүру жолында және қатысты станцияларда пойыздан кешіккен, қалып қойған жолаушылар үшін жергілікті органдармен бірге тегін су мен тамақ ұйымдастырылғанын айтты. 

"Түркістан, Қызылорда облыстары және Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе  "Шымкент-Арыс-Темір" учаскесінде пойыз қозғалыстарының тоқтауына байланысты жолаушыларды жету станциясына дейін тасымалдауға көліктер ұйымдастырылды. Батыс Қазақстаннан Алматыға бет алған жолаушыларды Түркістан қаласына дейін, әрі қарай автобусқа отырғызылып, Шымкент станциясына дейін тасымалданды. Содан кейін жолаушылар Алматы қаласына бара жатқан құрамдарға отырғызылды. Осындай әдіспен батыс өңірлерден Алматы станциясына бағыт алған жолаушылар тасымалданды. Бұдан бөлек, пойыздардың бір бөлігі балама маршрутпен "Жезқазған-Жарық" арқылы 13 пойыз қозғалды",- деді Сұлтанов.

Ол жоғарыда аталған іс-әрекеттерден соң Арыс станциясында қозғалыс тоқтағаннан кейін 11 мыңнан астам жолаушы, оның ішінде 2 мың жолаушы автокөлікпен тасымалданғанын айтты. 

"Шымкент-Арыс-Түркістан учаскесінде қозғалыс ашылғанға дейін және бүгіннен бастап кестеде көрсетілген 10 пойыз  Түркістан мен Шымкент станциясына жетпей  Жезқазған-Сексеуіл учаскесі арқылы бағыт алатын болады",- деді департамент өкілі.

Ол осы жағдайға байланысты БАҚ өкілдерінен өзгертілген пойыз кестесі туралы ақпаратты таратуды сұрады.

"Ақпарат станция, жөнелту пунктілері мен пойыз маршруттарында таратылды. Жолаушы сапардан бас тартқан жағдайда билет құны толықтай қайтарылады. Ұлттық тасымалдаушы осы жағдайға түсіністікпен қарауды сұрайды және пойыз кестесінің өзгеруі туралы ақпаратты бірыңғай анықтама қызметі 105  телефонына хабарласып білуді сұрайды", - деп сөзін түйіндеді Сұлтанов.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы