Тыйым салынған препараттар: Петропавлда бапкер ұсталды
Солтүстік Қазақстан облысында күшті әсер ететін заттарды заңсыз сату дерегі анықталды
Петропавл қаласында полицейлер жүзу спортына дайындайтын бапкерді ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Полиция мәліметінше, оның қасынан рецептісіз сатып алынған төрт блистер прегабалин табылды.
Медициналық куәландыру нәтижесі де оның каннабиноидтарды тұтынғанын көрсетті.
Полицейлер дәрілер сатып алынған дәріхананы анықтады. 40 жастағы фармацевтке қатысты күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу уақытына дәріханадан тек рецепт бойынша берілуге тиіс препараттар тәркіленді.
Полицейлер мұндай заттардың бақылаусыз айналымы артық дозалануға және басқа да қауіпті зардаптарға әкелуі мүмкін екенін атап өтеді.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында күшті әсер ететін заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымының бес фактісі анықталды. Тағы үш жағдайда олардың айналымы ережелері бұзылған.