Тяньцзинде өтетін ШЫҰ саммитіне 20-дан астам мемлекет басшысы жиналады
Биыл Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) саммитіне 20-дан астам мемлекет басшысы қатысады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Бейжіңнен.
ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Биньнің айтуынша, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Хайхэ өзенінің жағасында шетелдік көшбасшылармен және 10 халықаралық ұйымның жетекшілерімен кездеседі.
Саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған, Иран Президенті Масуд Пезешкиан және өзге де мемлекеттердің көшбасшылары шақырылған.
Лю Биньнің сөзінше, саммитте ШЫҰ-ның табысты жұмыс тәжірибесін талқылау, ұйымды одан әрі дамытудағы стратегиялық бағыттарды айқындау, сондай-ақ мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа қатысты жаңа бастамаларды келісу жоспарланып отыр. Дипломат атап өткендей, көшбасшылар ұйымды одан да берік әрі өзара байланысты қауымдастыққа айналдыруға ұмтылады.
Еске салайық, Шанхай ынтымақтастық ұйымының 24-ші саммиті 2024 жылғы 3–4 шілдеде Қазақстан астанасында, арнайы жаңғыртылған Тәуелсіздік сарайында өтті. Оның басты нәтижесі – Беларусьтің ұйымға толыққанды мүше болып қабылдануы.
Осылайша ШЫҰ құрамындағы елдер саны 10-ға жетті. Бүгінде бұл мемлекеттер әлем халқының жартысынан астамын қамтып, жаһандық ішкі өнімнің үштен бірін өндіреді. Астана саммитінде барлығы 25 құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында Астана декларациясы, 2025–2027 жылдарға арналған терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы ынтымақтастық бағдарламасы, ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы және «Әділетті әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бастама бар. Саммиттен кейін ұйымға төрағалық 2024–2025 жылдарға Қытайға өтті.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25-ші саммиті 2025 жылғы 31 тамыз – 1 қыркүйек күндері Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтеді. Бұл жолғы жиын ұйымның ширек ғасырлық тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ.