Тұжырымдамалық құжат саяси реформалардың "екінші тынысы" іспетті – саясаттанушы
Саясаттанушы Айгерім Серікжанова Президент бекіткен қағидаттар осыған дейінгі реформалардың идеологиялық және институционалдық іргетасын бекітетінін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары мен бағыттарын айқындайтын бұл тұжырымдамалық құжат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалар бағытының қисынды жалғасы,-дейді ол.
Сарапшы сөзінше, 2022 жылғы конституциялық реформа билік тармақтарының тепе-теңдігін орнатып, басқару жүйесін әділет пен ашықтық қағидаттарына бейімдеген болса, жаңа құжат осы реформалардың идеологиялық және институционалдық іргетасын бекітеді.
Президент ұсынған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» моделі мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бұл құжатта ішкі саясаттың негізгі қағидаты ретінде жүйеленген.
Сарапшы саяси реформалардың мақсаты тек билік институттарын қайта құру емес, азаматтар мен мемлекет арасындағы жаңа қатынастар мәдениетін қалыптастыру екенін алға тартады.
Бұл тұжырымдамалық құжат саяси реформалардың «екінші тынысы» іспетті. Ол реформалардың рухын сақтап қана қоймай, енді қоғамның бар саласына – мәдениеттен бастап, жастар, отбасы, ақпараттық және гуманитарлық саясатқа дейін – ортақ құндылықтар жүйесін енгізеді. Бұл Қазақстанның жаңғыру бағытын тұтас идеологиялық жүйеге айналдырып отыр,-деді Серікжанова.
Ал тұжырымдамадағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты мемлекеттік басқарудың парадигмасын өзгертіп, саяси шешім қабылдау жүйесіне бірнеше өзгерістер енгізуі тиіс деп есептейді.
Біріншіден, мемлекеттік органдардың шешім қабылдау процесі қоғаммен тұрақты диалогқа, ашық пікірталас пен сараптамалық бағалауға сүйенеді. Бұл үшін қоғамдық кеңестердің, Ұлттық құрылтайдың, сарапшылар мен азаматтық қоғам институттарының рөлі күшейеді. Екіншіден, цифрлық демократия құралдары – «E-Otinish», «E-petition», ашық үкімет порталы – саяси шешім қабылдау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналады. Яғни азаматтар өз пікірін тек сайлау кезінде ғана емес, күнделікті саяси үдерістерге онлайн түрде әсер ету арқылы білдіре алады. Үшіншіден, бұл қағидат мемлекеттік шешімдердің сапасына жаңа талап қояды. Мемлекеттік бастамалар қоғамның нақты сұранысына, аймақтардың ерекшелігіне және азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін факторларға негізделуі керек,-деді сарапшы.