Тұжырымдама әзірленді. Қазақстанда Наурыз мейрамы 10 күн атап өтіледі

Алматы, BAQ.KZ. Елімізде Наурыз мейрамын он күн атап өту ұсынылды. «Ашық НҚА» сайтында Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын бекіту туралы Қаулы жобасы жарияланды.

Аталған құжатқа сәйкес Наурыз мейрамын 14-24 наурыз күндері аралығында атап өту ұсынылды: 

14 наурыз – «Көрісу күні»; 

15 наурыз – «Жайлау күні» ;

16 наурыз – «Шежіре күні» ;

17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні» ;

18 наурыз – «Игі істер күні»;

19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні»;

20 наурыз – «Зияткерлік күні»;  

21 наурыз – «Ұлттық тағамдар күні»;

22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні»;

23 наурыз – «Жоралғы күні».

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көктем мерекесі - Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсетін тұжырымдама жасауды ұсынған. 

Наурыз – жаңа күннің бастауы. Табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жанданып, ниеттің тазарып, жақсылықтың, ізгіліктің оянатын шағы. 

Наурыз мейрамының негізі мақсаты – Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру, - делінген құжатта.

Мейрамның міндеттері: 

1) жалпықазақстандық рухани құндылықтарды нығайтатын қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, ынтымақ-бірлікті арттыру; 

2) мейрам кезінде әр адам отбасына, ата-анасына барып, хал-жағдай сұрасу арқылы отбасы институтын күшейту; 

3) азаматтық бейбітшілікті сақтау, әлеуметтік әріптестікті және қайырымдылық жасау мәдениетін дамыту;

4) этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту;  

5) Қазақстан табиғатының бірегейлігін, табиғатқа ұқыпты қарауды ұғыну, экологиялық мәдениетті және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру бойынша қоғамдық бастамаларды дамыту.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеялық құндылықтарын іске асыру мән мәтінінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын атап өтудің мәні жоғары.

Наурыз – үйлесімнің, береке мен бірліктің мейрамы. Бұл ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизмді қалыптастыру, сананың ашықтығын арттыру тұрғысынан маңызды мейрам.  

Наурыз мейрамын тойлауға қатысты іс-шаралар 14-23 наурыз аралығында өткізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы