Тұйықтала түскен түйінді шешуге бағытталған Жол картасы жүзеге аспай отыр – депутат
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Депутаттар Жамбыл облысы аумағында фосфогипс қалдықтары тау-тау болып үйіліп, аймақтың экологиялық жай-күйіне үлкен әсер ететініне алаңдаушылық білдірді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткеніндей, Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты.
Сол себепті «Қуатты өңірлер-қуатты ел» деген ұстаным әрдайым өзекті. Осы орайда, еліміздегі өңірлерде қоғамдық көзқарастар мен ортақ пікірге негіз болып отырған өткір мәселерге тұрақты назар аудару аса маңызды. Жамбыл облысы аумағындағы «Казфосфат» ЖШС Қазақстандағы химия өнеркәсібінің алыбы. Компания өнімдері бүкіл әлемдік сұранысқа ие. Бұл ретте кәсіпорынның рентабельдігімен бірге фосфогипс қалдықтары да өсіп жатыр. Айта кету керек, фосфогипс қалдық өнім болғанымен, ол экономикалық тұрғыдан алғанда өте құнды зат. Ауыл шаруашылық топырақтарындағы сортаң, тұздалған жерлер балансын қалпына келтіретін мелиорант ретінде белгілі. Ауыл шаруашылығы өнімінің түсімін 2-3 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деді Мейрамбек Төлепьерген.
Оның айтуынша, фосфогипстің үйінділерде тау-тау болып жиналуы 400 мыңға жуық халқы бар Тараз қаласы үшін ерекше экологиялық мәселе болып отыр.
Алайда, бұл күндері облыс орталығы Тараз қаласының тап қасында, Тараз-Аса бағытындағы жол шетінде тау-тау болып үйіліп жатқан, яғни, 14 миллион тонна фосфогипс қалдығы аймақтың экологиялық жай-күйіне үлкен әсер етіп жатыр. Жыл сайын оған 2 млн тонна фосфогипс қалдығы қосылып отыр. 2020 жылы Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп Жамбыл облысындағы экологиялық мәселелерді кешенді шешудің Жол картасы әзірленген. Онда аталған 25.05.2022 ЭҚАБЖ МО (7.23.0 нұсқасы) қалдықты мелиорант ретінде ауыл шаруашылығы саласында қолдануға болатыны айқындалған. Тұйықтала түскен түйінді шешуге бағытталған бұл Жол картасы бүгіндері жүзеге аспай отыр. Компанияның минералды тыңайтқыштар өндірісінің жоспарлы ұлғаюына байланысты аумағы 135 га жерге енді үшінші үйінді салу жөнінде жобаға келісілген. Жобалық көлемі 19 млн тоннадан асады. Фосфогипстің үйінділерде тау-тау болып жиналуы 400 мыңға жуық халқы бар Тараз қаласы үшін ерекше экологиялық мәселе болып отыр және қалыптасқан жағдай қоршаған ортаны қорғаудың шұғыл шараларын қолға алу талабын күшейтеді, - деді ол.
Ол өндірістік өнімді тиімді пайдаланудың мүмкіндіктерін кеңейтіп, өңірлерге және фермерлерге тасымалдап жеткізу үшін субсидия есебінен қаржы бөлуді ұйымдастыруды қарастыру керек екенін айтты.
Құрметті Роман Васильевич, қоғамдық мәні зор осы мәселелерді тиісті министрліктердің қатысуымен жан-жақты және жіті назар аудару қажеттігі туындап отыр. Біріншіден, өндірістік өнімді тиімді пайдаланудың мүмкіндіктерін кеңейтіп, өңірлерге және фермерлерге тасымалдап жеткізу үшін субсидия есебінен қаржы бөлуді ұйымдастыруды, екіншіден, өңірде осы өзгеше экологиялық ахуалды жақсартудың барлық амалдарын шұғыл қарастыруды қажет деп санаймыз. Сауалды қарау нәтижелері туралы жауапты «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес беруді өтінеміз, - деді ол депутаттық сауалында.