Туыстық неке: Әр екінші балада генетикалық ауытқу бар
Өзбекстан ғалымдары алғаш рет халықтың генетикалық картасын жасауға кірісті. Зерттеу нәтижелері алаңдатарлық жағдайды көрсетті. Зерттеуге қатысқан әр екінші баладан генетикалық мутация анықталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Өзбекстанның Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлікке қарасты Озық технологиялар орталығының мамандары жүргізген зерттеу барысында бұрын әлемде белгісіз болған ондаған жаңа гендік өзгерістер табылған. Ғалымдар бұл нәтижелерді халықаралық геномдық деректер базасына енгізді.
Талдау көрсеткендей, балалардың 86 пайызы кем дегенде бір “бұзылған” геннің тасымалдаушысы болып шыққан. Кейбірінде бір мезетте бірнеше тұқым қуалайтын аурулардың белгілері байқалған. Бұл көрсеткіш халықаралық нормадан екі есе жоғары.
Мамандар мұндай құбылысты елдің кейбір өңірлерінде туыстық некелердің жиі кездесуінен көреді.
Олардың айтуынша, генетикалық мутациялар тек сирек кездесетін тұқым қуалайтын аурулардың ғана емес, сонымен қатар қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулар сияқты кең таралған дерттердің даму қаупін арттырады.
Біз алғаш рет халқымыздың генетикалық бейнесін толық көрдік. Егер балалардың басым бөлігінде жасырын мутациялар болса, бұл үрдісті алдын алу шараларынсыз тоқтату мүмкін емес. Сондықтан неке алдындағы генетикалық скрининг жүйесін енгізу аса маңызды, – деді Озық технологиялар орталығының директоры, “Өзбекстанның 1000 геномы” жобасының жетекшісі Шахло Турдикулова.
Ғалымдардың пікірінше, генетикалық кеңес беру мен скринингтік бағдарламалар болашақ ұрпақ денсаулығын қорғаудың ең тиімді жолы болмақ.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстандағы Ташкент метросында пранк жасаған қазақстандық блогерге қатысты іс сотқа жіберілгенін хабарладық.