Туысқан ба, лауазымды қызметкер ме маңызды емес. Қошанов заңсыз кеткен қаржы қайтарылатынын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында айтты.
Қошанов баспасөзге шығу кезінде шетелге кеткен заңсыз қаржыны қайтаруға қатысты сұраққа жауап берді.
Біз бүгін бұл туралы заңды тек мақұлдадық. Ол Сенатқа барып, қабылданады. Қабылданған соң тиісті нормативтік актілер қабылданады. Қаулы бар, соның ішінде барлық талаптар жазылады. Сыртқа кеткен ақшаны қайтару бойынша Президент тарапынан тиісті комиссия құрылған. Ол комиссия тек Президентке ғана бағынады. Екі апта сайын Президентке есеп береді. Әрине, ол оңай жұмыс емес. Шетелге кеткен ақшаның заңсыз кеткенін дәлелдеу керек. Ол тек біздің мемлекеттің ғана емес, сол елдің экономикасына жұмыс істеп жатқан, сол елдің заңымен дәлелденуі керек, - деді Қошанов.
Ерлан Қошанов заң алдында барлық азамат бірдей екенін айтты.
Заң бәріне бірдей. Егер жылысталған қаржы болатын болса, ол заң алдында жауап беріп, қаржы қайтарылады. Бірақ қайтарудың жолдары бар. Ол-өте күрделі жұмыс. Заң бұзылған болса, ол туысқан ба, лауазымды қызметкер ме, заңсыз кеткен қаржы қайтарылады, - деді ол.
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы мақұлданды.