Түйіткілді, өзекті мәселелерді жақсы білеміз – Мәжіліс төрағасы

Мәжілістің жалпы отырысында палата спикері Ерлан Қошанов депутаттардың түйіткілді, өзекті мәселелерді жақсы білетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттарда заң шығаруда бастамашыл болуға өкілеттігі бар. Осы мүмкіндікті де толығымен пайдалануымыз керек. Оның үстіне бәріміз өңірлерді аралап келдік. Көптеген депутат қызмет істеп, өңірлерден келді. Көптеген түйіткілді, өзекті мәселені жақсы білеміз деп айта аламын. Сондықтан депутаттар белсенділігін барынша арттырып, осы мәселелерді заңнамалық тұрғыда реттеуге атсалысады деп ойлаймын, - деді Қошанов.

Мәжіліс спикерінің сөзінше, палатадағы ашықтық мәселесі негізгі мәселе болып қала береді.

Біз осы бағыттан айнымаймыз. Мәжілісте ашық және жария түрде қызмет етуге барлық жағдай жасалған. Журналистерге сұқбат беріп, өзекті мәселелер бойынша пікір білдіріп отыру – бұл депутаттардың басты міндеттерінің бірі. Бұдан бөлек заңдарды талқылауға қоғам өкілдері мен тәуелсіз сарапшыларды шақыру да өте маңызды. Мәжілісте мәслихат арқылы өңірлердің де «үні» естілуі қажет, - деп түсіндірді палата төрағасы Мәжілістің жалпы отырысында.

Айтуынша, көп ұзамай қоғамдық палата да жұмысын бастайды. Қошанов ол қызу пікірталас алаңына айналатынын айтты.

Ел болашағына бей-жай қарамайтын барлық азаматқа, қоғамдық ұйымға есігіміз айқара ашық. Нағыз халықтық Парламент дегеніміз – менің ойымша осы, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы