Түйедегі аталар, арбадағы әжелер. Шымкент көшесімен Наурыз керуені жүрді
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте Ұлыстың Ұлы күні – Әз Наурызға арналған іс-шаралардың үшінші күні «Наурыз керуен» көшімен жалғасты.
Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының» ұйымдастыруымен «Наурыз – керуені» таңертең сағат 9:00-де «Наурыз» алаңынан жолға шығып, Шымкенттің орталық көшелерімен жүріп өтті.
Керуен көшін түйеге мінген ақсақалдар бастады. Түйе соңынан салт ат мінген жастар жүріп отырды. Ал арбаға мінген әжелер, өнерпаздар және этномәдени бірлестіктердің өкілдері халық әндерін шырқап, күй тартты.
Жол бойындағы Дендросаябаққа тоқтап, сонда «Ақ бүрку» рәсімін орындап, көне дәстүрді қайта жаңғыртты. Жаңа жылымыздың жемісті де берекелі, әрі бейбіт болуын тіледі.
Ілгері қарай жүрген керуен көші жол-жөнекей бауырсақ пен түрлі тәттілер таратып, қала тұрғындарына берекелі мерекенің көңіл-күйін сыйлады.
Осылайша, қала орталығындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратына жетті. Мұнда «Армысың, Әз-Наурыз!» мерекелік іс-шарасы өтіп жатты. Соған жиналған көпшілік қауым келіп жеткен керуенді барша салтанатымен, қазақ халқының жөн-жоралғысымен күтіп алды.
Ақ жаулықты аналар шашу шашты, ақындар арнау жолдады,
Мерекелік шарада Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов және Байдулла Қонысбек, Исамудин Рысбай сынды азаматтар жұртшылықты Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, ізгі ниеттерін білдірді.
"Ұлыстың ұлы күні бүгінде ынтымақ пен ырыстың мерейлі мерекесіне айналды. Халықты береке-бірлікке бастап, оларды жақсылық пен мейірімділікке, махаббат пен шаттыққа бөлеп келеді. Наурызда барша жұрт өткенін електеп, бүгінін бағамдаған. Ренішті ұмытып, кешірімшіл, әрі кеңпейіл болып, өткенге салауат, барға қанағат еткен. Ата-бабамыздың осындай өнегелі дәстүрін қастерлеп, дәуірімізге сай үйлестіріп дамыту – асыл парызымыз", - деді мерекелік жиында сөз алған ардагер журналист Б.Қонысбек.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов жыл басы саналатын Әз Наурыздың келуімен құттықтады.
Шымкенттегі этномәдени бірлестіктердің белсене қатысуын айта келе, тату-тәтті қарым-қатынасы жалғаса беруін тіледі.
Қалалық мәслихаттың депутаты, "Шымкент қаласының азаматтық альянсы" заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Жұмағали Білісбеков те тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келгенін айтты.
"Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Наурыз – көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең. Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Наурызды қарсы алайық! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз", - деді Жұмағали Білісбеков.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты алдында қала тұрғындары мен қонақтарына арнайы дастархан жайылып, мерекенің негізгі дәмі Наурыз көже таратылады.
Сондай-ақ, жұртшылық түркі халықтарының наурызды тойлаудағы ерекшеліктерін айшықтайтын көрмемен танысты. Ал этномәдени бірлестіктер жанындағы шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынып, баршасы соны тамашалады.