Туу деңгейі төмендеп, ажырасу саны азайған
Қазақстан қоғамдық даму институты ел отбасыларының әлеуметтік-демографиялық сипаттамасын жасап, некелесу мен ажырасу мәселелерін қарастырды. BAQ.KZ тілшісі Қазақстан отбасылары ұлттық баяндамасындағы өзекті өзгерістерді оқырманға ұсынады.
Туу деңгейі төмендеді
2024 жылдың І жартыжылдығында Қазақстанда 184,7 мың бала дүниеге келді. Олардың 57,7 пайызы немесе 95,4 мыңы – ұл бала, 48,3 пайызы немесе 89,2 мыңы – қыз бала. Қалалық жерлерде 2024 жылдың І жартыжылдығында 110,1 мың бала туды. Бұл жалпы туғандардың 59,6 пайызын құрады. Ал 40,4 пайыз немесе 74,6 мың бала ауылдық жерлерде дүниеге келді.
2020 және 2021 жылдары бейби-бум байқалды. Сол кезеңде барлығы 873,3 мың бала туды. Алайда ковидтан кейінгі кезеңде туғандар санының төмендеуі басталды. 2023 жылы өткен жылмен салыстырғанда туғандар саны 3,8 пайызға төмендеп, 388,4 мың адамды құрады. Бұл төмендеу барлық өңірлерде байқалды.
Сондай-ақ “бала туудың егделенуі” үрдісі, яғни алғашқы босанудың орта жасының ұлғаюы сақталады. 2019-2023 жылдар кезеңінде әйелдің туу кезіндегі орташа жасы 28,9-дан 29,7-ге, қалада – 29,2 жастан 30,1 жасқа, ауылдық жерде – 28,5 жастан 29,2 жасқа өсті.
Сарапшылар туу деңгейінің төмендеуі мен аз балалы болу үрдісін 20 жасқа дейінгі белсенді репродуктивті жастағы халық санының аз болуы, халықтың құндылық бағдарларының өзгеруі және басқа да себептермен байланыстырады.
Ажырасулар саны азайды
2019 жылы қалада ажырасулар саны 44 081, ауылда 15 715 болған болса, бұл соңғы 23 жылда құраған ең жоғары көрсеткіш болатын. 2020 жылы бұл көрсеткіш 22 пайыздан 14 пайызға төмендеді. 2023 жылға қарай ажырасулар саны одан әрі азайып, қалада 29 389, ауылда 10 838 жағдайды құрады. Ажырасу коэффициенті қалада өзінің рекордты минималды көрсеткішіне жетіп, 2,38-ге дейін төмендеді, ал ауылда бұл коэффициент 1,43 болды.
Алайда бұл көрініс үнемі байқалған жоқ. 2000-2019 жылдар аралығындағы демографиялық өзгерістер қала мен ауылдағы ажырасулардың тұрақты түрде өсуімен сипатталады. Осы кезеңде жалпы ажырасулар саны екі есе артып, 2000 жылы 27 391 жағдайдан 2019 жылы 59 796-ға дейін жетті.
2023 жылы ең көп ажырасу некеде тұрғанына 5 жылдан аз болған ерлі-зайыптылар арасында тіркелген. 2023 жылы некеде тұрғанына 5 жылдан аз болған ерлі-зайыптыларарасындағы жалпыреспубликалық ажырасу көрсеткіші 42,1 пайызды құраса, қалалар мен ауылдарда бұл көрсеткіш шамамен бірдей –42,6 пайыз және 41,9 пайыз.
Некені бұзудың орташа статистикалық мінез-құлық үлгісі мынадай: ерлі-зайыптылар, ер адамның жасы 25-29, ал әйелдің жасы 20-24 болғанда неке құрған, бірнеше жыл бірге тұрып, екеуінің де жасы 30-34 болғанда ажырасқан.
Жалпы елімізде соңғы жылдары ажырасудың жалпы көрсеткіші 2019 жылы 3,23-тен 2023 жылы 2,02-ге дейін төмендеген. Сонымен бірге әлеуметтік нормалар мен стереотиптердің өзгеруі ажырасудың әлеуметтік тыйым ретінде қабылданбауына ықпал ететінін атап өткен жөн. Бұл сандық өзгерістерді ғана емес, сонымен қатар неке қатынастарына саналы көзқарастың артуы және қоғамдағы отбасы өмірінің мәселелерін белсендірек талқылау сияқты ажырасу процесінің сапалық аспектілерін түсіндіруі мүмкін.
Қазақстанда соңғы жылдары некеге тұру көрсеткішінің төмендеуіне қарамастан, неке сапасында оң үрдістер байқалады. Заманауи жұптар некеге дайындалудың маңызын түсініп, отбасын құруға аса жауапкершілікпен қарайды. Орташа некеге тұру жасының ұлғаюы жастардың отбасын құруға дейін білім алуға, мансап жолында өсуге және жеке қабілеттерін іске асыруға деген ұмтылысын, отбасын құруға саналы көзқарастың қалыптасқанын көрсетеді.