"Тұтынушылық кредит көп". Ұлттық банк жаңа бастаманы қолға алатынын атап өтті

Халыққа берілетін несиелер өсіп келеді. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, берешектің өсімі – 24,4%. Оның ішінде тұтынушылық несиелер 34,5%-ке өсті.

Халықтың шамадан тыс берешегін болдырмау үшін қаржы реттеушілерінің, Үкімет пен Парламенттің ортақ бастамасымен заң қабылданды. Мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға кредит беруге тыйым салынды. Қарыздарды коллекторларға беруге екі жылдық мораторий енгізілді. Тұтынушылық қарыздардың ең жоғары сомасы белгіленді, - дейді ол.

Сүлейменов қарыз алушының борышын шектейтін жаңа норматив енгізілгенін атап өтті.

Дегенмен тұтынушылық кредит алу қарқыны әлі де жоғары. Нарықтың дамуын және халықтың кредиттік жүктемесінің өсуін қосымша реттеген жөн деп санаймыз. Осыған орай биыл Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп жеке тұлғаларды кредиттеу сегментінде капиталдың контрциклдік буферін қолдану мәселесін және басқа да шараларды әзірлейміз, - деді Ұлттық банк басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы