Тұтынушыларға 27 млн теңге қайтарылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен онлай баспасөз мәслихатында Алматы қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сәуле Махатова мәлімдеді.

Комитет тұтынушы құқықтарын қорғау саласында мақсатты саясат жүргізеді. Зерттеуге назар аударсақ, тұтынушы құқықтары жиі бұзылады. Мәселен, Алматы қаласы бойынша респонденттердің 1%-ы тұтынушылардың құқықтарын сақтай отырып, ағымдағы жағдайды жақсы бағалады, 3,6%-ы орташа деп есептейді, 86,8%-ы қанағаттанарлықсыз деген жауапты таңдады, 8,6%-ы жауап беруге қиналды. Тұтынушы құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу жағдайының өзгеруі туралы сұраққа 42,8%-ы жауабын жақсы деп берді, 37%-ы өзгеріссіз, 20%-ы нашар деп белгілесе, 0,2%-ы жауап беруден бас тартқан, - дейді Сәуле Махатова.

Спикердің айтуынша, 2020 жылы департаментке тұтынушылардан 1480 шағым келіп түскен, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3 есе көп. 611 тұтынушы жазбаша түрде, Телеграм Бот арқылы 519, жедел желіге 268, жеке қабылдауда 82 адам шағым түсірген.

Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде тұтынушыларға 27 миллионнан астам қаражат қайтарылды. Салалар тұрғысынан қарастыратын болсақ, электрондық сауда, бөлшек сауда, тұрмыстық қызметтер және көлік саласы неғұрлым проблемалы деп саналады. Әлеуметтік зерттеу нәтижесі көрсеткендей, респонденттердің 45%-ы электрондық сауда қызметіне, бөлшек саудасына 45,6 %-ы, тұрмыстық сауда бойынша көрсетілетін қызметтерге 46,4%-ы қанғаттанбайды. Халық үшін Телеграм Бот жобасы сұранысқа ие болғандығын атап өткім келеді. Соның арқасында тұтынушылар өздерінің құқықтарын қорғау жөніндегі заң бойынша түсіндірме қызметтерін қолдануда. Комитеттің өңірлік бөлімшелері мен қоғамдық бірлестіктер туралы ақпарат алып, жиі қойлатын сұрақтар мен жауаптар базасымен танысты, - деп айтты Алматы қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы.

Тауарды сатып алушылар мен қызмет көрсетушілердің арасында сапасыз тауарды сату, тауарларды айырбастау мен қайтарудан бас тарту, сатып алушыға өнім туралы толық емес немесе сенімсіз ақпарат беру, жойылған рейстер үшін қаражаттың қайтарылмауы, жиһаз жасау және өңдеу салондарының қанағаттанарлықсыз жұмысы бойынша мәселелер жиі кездеседі.

ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Заңның 25-бабына сәйкес, сауда орындары мен сатушылар ақпаратты мемлекеттік қазақ тілінде және ресми орыс тілінде беруге міндетті. Егер бір тілде берілген болса, ол мүлдем ақпарат берілмеген болып есептеледі. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 190-бабында көрсетілгендей, ақпарат берілмеген жағдайда бірінші рет ескерту беріледі, екінші рет қайталанса, айыппұл салынады. Тұтынушылар кәсіпкерлердің тауар бағасын шектік бағадан асыруын байқаған жағдайда жергілікті органдарға шағым түсіре алады, - деп атап өтті Сәуле Махатова.
Раушан АРМАНҚЫЗЫ
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы