Тұтынушылар сенімін арттыратын акцияны қолдаймыз – кәсіпкер
Қазақстандық кәсіпкерлер адал сауданы қолдауды жалғастырып келеді.
Қазақстандық кәсіпкерлер адал сауданы қолдауды жалғастырып келеді. Жартылай дайын өнімдер мен сүзбелі құймақ өндіретін бизнес «Саналы бизнес – ел тірегі» акциясына қолдау білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
“Даяр” компаниясы өкілдерінің айтуынша, жартылай дайын өнімдер өндірісін ашу идеясы адамдардың күнделікті тұрмысын жеңілдету мақсатынан туған. Қазіргі таңда көпшілік тез әрі сапалы тамақ дайындағысы келеді.
Біз нарықты талдап, сұранысқа ие осы бағытты таңдадық. Ассортиментімізде етке арналған жайма, манты жаймасы және сүзбелі құймақтар бар. Сапа мен дәмге ерекше мән береміз, сондықтан тек табиғи әрі қауіпсіз өнімдерді қолданамыз, – дейді кәсіпкер Заманбек Қазиев.
Компанияның өндірістік жолы Орал қаласындағы бір филиалдан басталып, кейін Алматы мен Атырауда өкілдіктері ашылды. Іс алға баса берсе, Заманбек Қазиев алдағы уақытта бизнесті басқа қалаларға кеңейтіп, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр.
Кәсіпкердің айтуынша, өндіріс желілері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Барлық үдерістер санитарлық талаптарға сай ұйымдастырылып, сапа мен тазалық тұрақты бақылауда. Мұны өндіріс көлемінің артуынан да байқауға болады. Компания өнімдеріне жергілікті нарықта сұраныс жоғары. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудағы жауапкершілікті сезіне отырып, кәсіпкер бірнеше жылдан бері бағаны өзгертпеген.
Біз “Саналы бизнес – ел тірегі” акциясына оң көзқараспен қараймыз және мұндай бастамаларды толық қолдаймыз. Бұл жоба адал бизнесті дамытуға және тұтынушылар сенімін арттыруға бағытталған. Біз осы қағидаларды ұстанамыз және мұндай бастамаларға әрдайым қатысуға дайынбыз, – дейді Заманбек Қазиев.