Тұтынушылар құқықтарын қорғау: 900-ге жуық павлодарлықтан өтініш түсті
Ертіс өңірінде жыл басынан бері тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне 900-ге жуық өтініш түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Рашид Құсайыновтың айтуынша, тұрғындар шағымдарын ашық ақпараттық ресурстар арқылы жеткізіп, тиісті құжаттарын ұсынуы шарт. Өтінішті қарау үшін фото, видео материалдар қоса ұсынылса, мәселені жылдам анықтауға болады.
Үстіміздегі жылдың жеті айы ішінде департамент мамандары 656 өтінішті қанағаттандырды. Бұл - бізге түскен өтініштердің 75%-ы. Көмегімізге жүгінген 124 тұтынушыға түсінік берілді. Осы кезеңде сала мамандары 100-ден астам жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде 90-ға жуық кәсіпкерге ескерту жасалып, жалпы сомасы 900 мың теңге болатын сегіз әкімшілік айыппұл салынды. Тұтынушылардың шағымдарын қарастыру нәтижесінде олардың құқықтары қорғалып, 45 млн теңге қайтарылды. Тұтынушылардың бір бөлігі соттың көмегіне жүгінді. Біздің мамандар он отырысқа қатысты, - дейді Рашид Құсайынов.
Мамандарірі супермаркеттерде отандық өндіріске тиесілі азық-түлік тауарларын орналастыру бойынша мониторинг те жүргізді. Мониторинг нәтижесінде отандық өнім дүкендердің сауда алаңының кем дегенде 30%-ын құрайтынын растады.
Тұтынушылар құқықтарын қорғау мен кеңес беру жұмыстарымен қоғамдық ұйым өкілдері де айналысады. Үкіметтік емес ұйым мүшелері қоғамдық бақылау жүргізу құқығына ие. Олар нормативтік-құқықтық актілер мен өзге құжаттарды әзірлеуге қатысады.
Мәселен, жыл басынан бері қоғамдық бірлестіктердің өкілдеріне 60-қа жуық өтініш келіп түскен. Басым бөлігі бөлшек саудаға қатысты болып шықты.