Тұтынушылар құқығы: Қазақстандықтарға 9 айда 2,17 млрд теңге қайтарылды
Қаражат ең көп қайтарылған қалалар қатарында Алматы, Астана және Шымкент бар.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің көмегімен азаматтарға 2,17 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Осы кезеңде Комитет пен оның аумақтық департаменттеріне 72 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 42,9 пайызы бөлшек саудаға, 16,9 пайызы электрондық саудаға, ал 9,7 пайызы тұрмыстық қызмет көрсету саласына қатысты болды.
Комитеттің көмегімен 23 мыңнан астам өтініш бойынша тұтынушылардың талаптары қанағаттандырылып, тағы 26 мың азаматқа құқықтық көмек көрсетілді. Сонымен қатар қоғам назарын аударған 107 істің аясында 365 тұтынушының 1,03 млрд теңге көлеміндегі мүліктік құқықтары қорғалды.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында жыл басынан бері 1 347 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 42,2 пайызға көп. Тексеру нәтижесінде 1 836 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 54,3 млн теңге айыппұл салынды.
Қаражат ең көп қайтарылған қалалар қатарында Алматы, Астана және Шымкент бар.