Бүгiн 2026, 12:41 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Тұтынушыға кеңес: Сапасыз тауар сатып алсаңыз, қандай құқығыңыз бар?

Сапасыз немесе мерзімі өткен тауарды сатып алу секілді  жағдайлар кез келген тұтынушыда кездеседі.

Сапасыз немесе мерзімі өткен тауарды сатып алу секілді  жағдайлар кез келген тұтынушыда кездеседі. Сондай сәтте тұтынушы өз құқығын біледі ме? Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылар білуі тиіс негізгі құқықтарды түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда тұтынушылардың құқықтары «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңмен реттеледі. Бұл құжат азаматтарға сапалы әрі қауіпсіз тауарлар мен қызметтерді пайдалануға, сондай-ақ сатушылар мен қызмет көрсетушілер тарапынан әділ қарым-қатынас талап етуге кепілдік береді.

Сапа мен қауіпсіздік - басты талап

Заңға сәйкес, әрбір тұтынушы сатып алған тауарының немесе алған қызметінің сапалы әрі қауіпсіз болуын талап етуге құқылы. Яғни, кез келген өнім белгіленген стандарттарға сай болуы тиіс және адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуі қажет.

Егер бұл талаптар сақталмаса, тұтынушы өз құқығын қорғауға толық негізге ие.

Ақпарат – саналы таңдаудың кепілі

Тұтынушы үшін ең маңызды құқықтардың бірі – толық әрі шынайы ақпарат алу. Сатушы немесе қызмет көрсетуші тауар туралы барлық қажетті мәліметті ұсынуға міндетті.

Оған өнімнің құрамы, шығарылған жері, жарамдылық мерзімі, пайдалану тәртібі, бағасы және кепілдік шарттары кіреді. Мұндай ақпараттың болуы азаматтарға дұрыс әрі қауіпсіз таңдау жасауға мүмкіндік береді.

Таңдау еркіндігі сақталуы тиіс

Заңнама тұтынушылардың еркін таңдау құқығын да қорғайды. Сатып алушы қандай тауар немесе қызмет алатынын өзі шешеді. Ешкім оны келісімінсіз қосымша өнімдер мен қызметтерді алуға мәжбүрлей алмайды.

Бұл әсіресе бөліп төлеу, несие немесе онлайн сатып алу кезінде жиі кездесетін мәселелердің алдын алуға көмектеседі.

Сапасыз тауар: не істеу керек?

Егер сатып алынған тауардың сапасы талапқа сай болмаса, тұтынушы бірнеше талап қоюға құқылы. Атап айтқанда:

  • төленген қаражатты толық қайтаруды;
  • тауарды дәл сондай немесе ұқсас өнімге ауыстыруды;
  • бағаны төмендетуді;
  • немесе кемшіліктерді тегін жоюды талап ете алады.

Бұл құқықтар тұтынушыны әділетсіз саудадан қорғауға бағытталған.

Даулы жағдайды қалай шешуге болады?

Заң азаматтарға өз құқықтарын қорғаудың бірнеше жолын ұсынады. Ең алдымен, сатушыға немесе қызмет көрсетушіге жазбаша шағым түсіру қажет. Көп жағдайда мәселе осы кезеңде-ақ шешімін табады.

Егер нәтиже болмаса, тұтынушы уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе сотқа жүгінуге құқылы.

Мамандар қандай кеңес береді?

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі тұтынушыларға қарапайым, бірақ маңызды бірнеше ережені сақтауды ұсынады. Ол - сатып алу чегін немесе өзге де растайтын құжаттарды жоғалтпау, келісімшарт талаптарын мұқият оқу, әсіресе бөліп төлеу кезінде және тауардағы кемшіліктерді фото немесе видеоға түсіріп қою.

Бұл қарапайым әрекеттер даулы жағдай туындаған кезде өз құқығыңызды дәлелдеуге көмектеседі.

Қайда жүгінуге болады?

Егер тұтынушының құқықтары бұзылса, азаматтар Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне немесе оның өңірлік департаменттеріне жүгіне алады. Сонымен қатар, заң әрбір азаматқа өз мүддесін сот арқылы қорғауға мүмкіндік береді.