Тутберидзе ресейлік спортшылардан Элизабет Тұрсынбаеваның артықшылығын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәнерлеп сырғанаудан Ресей Федерациясының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Этери Тутберидзе журналист Владимир Познерге берген сұхбатында қазақстандық спортшы Элизабет Тұрсынбаева жайлы айтты.
Познер ресейлік спортшы қыздар мен «шығыстың» қыздарының арасындағы айырмашылықты сұрады.
«Генетикалық жағынан олар әлдеқайда үйлесімді. Олар әдеттегідей тым ұзын емес, артық салмақпен күресу оларға қатты қиын емес. Олар 12-13 жаста жасап үйренгендерін барлық карьерасына пайдалана алады. Себебі денесімен күресуге аз күш жұмсайды. Олардың тәрбиесі басқа. Олар жаттықтырушыға сенеді. Мысалы, Қазақстандық спортшы Элизабет Тұрсынбаеваны алайық. Біз онымен 19 жаста төрт айналым салховты қалпына келтірдік. Ол аса бір сұрақ қоймады. «Лиза, барып жасауың қажет» дейсің. Ол «жарайды» дейді. Осылай. Ал біздің спортшыларға айтқанда мұндай жауап болмас еді. Алғашқыда мұны жасау керек екеніне ата-анасының көзін жеткізуің керек. Көздерін жеткізе алмауың да мүмкін. Бір ата-ана баласын онсыз да тамаша деп санайды. Қандай да бір жарыс секілді шығады. Допты лақтырсаң ол саған қайта келеді. «Істеуің керек» деп айтсаң, ол «бүгін емес, ертең» деп жауап береді. Біздің қыздарға шығыстың қыздарына қарағанда қандай да бір секіру элементтерін жасату, қайталату қиын. Бағдарламаны орындап біткен соң қателерді көріп, «қайта сырғанау керек» дейміз. Шығыстық спортшыға қатысты болса, ол «иә, жақсы» дейді. Біздің спортшыларға айтар болсақ тапсырма бергенімізге өкіндіретіндей сырғанап шығады», - дейді Тутберидзе.
Элизабет Турсынбаева әлем чемпионатында ересек қыздар арасында алғаш рет төрттік айналым сальхов орындады.
«Мұны 20 жаста орындауға кедергі келтіретін проблема көріп тұрған жоқпын. Практика көрсеткендей, олар айналасына алаңдай бастайды. Әрине, аз жаттыға бастайды, өзін аяйды. Бұл жаттығу процесіне кедергі келтіреді. 14, 15, 16 жастағы жеткіншектерді ештеңе алаңдатпайды. Ол нәтижге жеткенше дейін аш. Осы нәтижеге қалай жетеді, солай өздерін аяй бастайды. Бұл бөгет жасайды», - дейді жаттықтырушы.
Ол командасынан кететін қыздар туралы да айтты. Қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева да 2012-2013 жылдары Тутберидзенің тобында жаттығып, 2013 жылы Брайан Орсерге ауысқан болатын. Ол бірінші спортшы емес. 2014 жылы командалық сын бойынша Сочи Олимпиадасының чемпионы Юлия Липницкая, 2018 жылы Пхенчхан Олимпиадасының екі дүркін күміс жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы Евгения Медведева да атақты ресейлік бапкермен қош айтысты. Тутберидзе мұның қаталдықтан болатынын айтты.
«Қаталдық бар. Спортшы медаль алса, ол басқаша жаттыға алады. Оған басқаша қарауың керек, солай кикілжің басталады. Медаль алып, сосын осындай әдіспен әрі қарай жүрер болсаң, егер мен есіркей бастасам ештеңе шықпайды. Осыған дейін қалай жаттықсаң, қазір де солай жаттығасың. Неге мен саған бөлек хореограф шақыруым керек? Медаль жеңгенің үшін бе? Тұғырдан түскен соң сен ешкім емессің. Келесі жарыста өзіңді дәлелдеуің керек. Бұрынғы медалің бар, бірақ бұл болашақта саған көмектеспейді», - дейді Тутберидзе.
Этери Тутберидзе – соңғы жылдарда әлемдегі әйелдер арасындағы мәнерлеп сырғанау спортындағы ең табысты жаттықтырушы. Сайтамада өткен әлем чемпионатында шәкірттері Алина Загитова алтын медаль алса, Тұрсынбаева күміс медалға ие болды. Ал бұрынғы шәкірті Евгения Медведева қола жүлдегер атанды.