Тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық біріктіреді – Тоқаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммитінде сөйлеген сөзін мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желіде жариялады.
Құрметті саммитке қатысушылар!
Бүгін өздеріңізбен Ыстанбұл төрінде жүздескеніме қуаныштымын.
Анадолы жеріндегі қонақжайлығы үшін Режеп Тайып Ердоған мырзаға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Биыл Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан халықтары Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде.
Егемендігіміздің тарихи белесі құтты болсын!
Біз осы кезеңде іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік.
Мемлекеттеріміздің арасындағы достық қатынасты нығайта түстік.
Биылдың өзінде екі рет бас қосып, жоғары деңгейде Саммит өткіздік.
Бұл – мызғымас бауырластығымыздың айқын көрінісі.
Қазақта «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ұлағатты сөз бар.
Осы жерде жиналған елдердің жоғары деңгейдегі өкілдерінің ниеті түзу. Біз барлық мемлекеттерді ынтымақтастыққа шақырамыз, сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдердің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз.
Екі жылдан бері Кеңеске тиімді төрағалық етіп келе жатқан Әзербайжан басшылығына алғыс айтамын.
Әлемді жайлаған індетке қарамастан, түркі кеңістігінде бірқатар жақсы жаңалық болды.
Біз пандемиямен бірлесе күресу үшін алғашқылардың бірі болып төтенше саммит өткіздік.
Қасиетті Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы атанды.
Сондай-ақ, Таулы Қарабақ мәселесі Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарына сәйкес оң шешімін тапты.
Енді төрағалық тізгіні Түркия Республикасына өтеді.
Анадолы елі бұл міндетті абыроймен атқарып, ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін.
Ардақты ағайын!
Тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді.
Біз бір-бірімізге әрдайым тілектеспіз, сыйластығымыз да ерекше.
Бүгінгі алқалы жиын – осының айқын дәлелі.
Түркі кеңесінің ықпалы мен беделі жыл өткен сайын артып келеді.
Біздің құрылымға халықаралық қауымдастық едәуір қызығушылық танытуда.
Түркі әлемінің геосаяси әлеуетін тиімді пайдалану керек.
Бұл бәріміз үшін маңызды.
Бүгінгі жиында Түркі кеңесінің үшінші тараппен ынтымақтастығы туралы ережелер қабылданбақ.
Мұны уақтылы және заман талабына сай әзірленген құжат деп санаймын.
Болашақта қатарымызға байқаушы және серіктес ретінде қосылатын елдер Түркі әлемін дамытуға тың серпін берері сөзсіз.
Біздің ұйым жаһандық тұрғыдан өзінің лайықты орнын табатынына кәміл сенемін.
Менің пікірім бойынша ұйымымыз, ең алдымен, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастыққа баса мән бергені жөн. Әріптестерім бұл тұжырыммен келіседі деп ойлаймын.
Қазір бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеруде.
Ауқымды өзгерістер болып жатыр.
Шиеленістер өршіп, жаһандық экономикадағы ахуал жиі өзгеруде.
Гуманитарлық және экологиялық мәселелер ушыға түсуде.
Пандемия адамзатқа орасан зор зиян келтірді.
Біз осы сын-қатерлерді еңсеріп, орнықты даму үшін күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет.
Бүгінгі басқосуға «Цифрлық дәуірдегі жасыл технологиялар мен ақылды қалалар» тақырыбы арқау болып отыр.
Бұл – маңызды міндеттің бірі.
Осы бағытта бірлесе жұмыс атқарсақ, ұпайымыз түгел болары анық.
Мен ұйымның алдағы жұмысы мен оның басым бағыттары туралы пікірімді ортаға салғым келеді.
Бірінші мәселе. Қазір дүние жүзі экологиялық түйткілдерді шешуге ерекше мән беруде.
Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу өзекті мәселеге айналды.
Пайдалы қазбаларды жаппай игеруден бас тартып жатқан елдердің саны артып келеді.
Біз бұл үдерістен тыс қала алмаймыз.
Мәселені тиімді шешу жолын қарастыруымыз керек.
Қазақстанның көмірсутегі қоры мол.
Соған қарамастан, біз жаңартылатын қуат көздерін дамыта береміз.
Бұл міндет «Жасыл экономикаға» көшу туралы тұжырымдамада көрініс тапты.
Жоспарланған шаралар 2060 жылға қарай көміртегіден арылуға жол ашады.
Сондай-ақ, алдағы он жылда парникті газ шығаруды 15 пайызға азайтуға мүмкіндік береді.
Осының аясында біз 2025 жылға дейін 500 мың гектар жерге 2 миллиард түп ағаш отырғызуды жоспарлаудамыз.
Бұған қоса қазір еліміздегі жаңартылатын қуаттың үлесін 3 пайызға жеткіздік.
Оны 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін арттырамыз.
Сол мақсатпен Нұр-Сұлтан қаласында «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын» аштық.
Екінші мәселе. Қазір сутегі энергетикасының маңызы артып келеді.
Халықаралық қауымдастық оны «таза» отынның жаңа түрі деп санайды.
Біз бұл саланы дамыту үшін арнайы орталық құрып, инновацияны пайдалану тәжірибесін зерттеуге кірістік.
Қазақстанда жасыл сутегінің өнеркәсіптік кластерін құруға мол мүмкіндік бар. Еліміздің ғылыми әлеуеті жеткілікті, білікті кадрлармен де қамтамасыз ете аламыз.
Осы орайда, елдеріміздің басты ғылыми мекемелерін жұмылдырып, Халықаралық консорциум құруды ұсынамын.
Бұл құрылым сутегіні өндіретін, оны сақтап, тасымалдайтын жаңа технологияны дамыту үшін қажет.
Мұнда ғалымдарымыз бас қосып, өзара тәжірибе алмасуына болады.
Үшінші мәселе. Бүгінде барша адамзат жаһандық жылыну үдерісіне алаңдап отыр.
Халықаралық қауымдастық осыған байланысты шұғыл шаралар қабылдауға мүдделі.
Қазір су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселе.
Біз бидай егіп, ұн өндіретін ең ірі он елдің санатына кіреміз.
Жыл сайын сыртқы нарыққа 7 миллион тоннаға дейін бидай шығарамыз.
Қазақстан – Орталық Азиядағы астық экспорттайтын бірден-бір мемлекет.
Алайда, біздің еліміздегі бидай өнімінің
азаюына жол бермеу үшін, сондай-ақ, бүкіл аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндірмеу үшін трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалануымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет.
Түптеп келгенде, осындай шаралар біздің елдеріміздің өсіп-өркендеуіне тікелей ықпал етеді.
Сондықтан, өздеріңізбен бірлесіп, гидроқұрылымдар салуға дайынбыз.
Төртінші мәселе. Жасыл технологияға қатысты ортақ жобаларды іске асыру үшін жасыл капитал нарығын дамыту маңызды.
10 жылда дүние жүзіндегі жасыл облигациялардың көлемі 20 есе өсіп, 2 триллион долларға жетті.
Қазақстан да тұрақты облигациялар нарығын дамытуды қолға алды.
Биыл оның жалпы құны 100 миллион доллардан асты.
Бұл жұмыс «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Қазақстан қор биржасында жүргізіліп жатыр.
Мен осы ұйымдардың мол тәжірибесін және тиімді құралдарын кеңінен пайдалануға шақырамын.
Біз өңірлік жасыл капитал нарығын дамытуға мүдделіміз.
Түркі елдерінің жасыл облигацияларын аталған құрылымдарда орналастыруға дайынбыз.
Бесінші мәселе. Қазір әлем халқының саны 8 миллиардқа жуықтады.
Оның 55 пайызы қалада тұрады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша 2050 жылға қарай жер бетіндегі қала халқының үлесі 68 пайызға жетеді.
Жыл өткен сайын қалалық жерде көрсетілетін қызметке сұраныс артып келеді.
Жаһандық індет мұндай қызметті қашықтан жүргізуге болатынын көрсетті.
Қазақстанда ақылды қала жүйесі енгізіліп, бірқатар жоба табысты жүзеге асырылуда.
Соның арқасында жол-көлік оқиғалары мен апат салдарынан болатын өлім-жітім 60 пайызға азайды.
Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс саны 70 пайызға кеміді.
Ал, салық түсімі бірнеше есе артты.
Қазақстан Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаны қабылдады.
Бұл жоба қалаларды басқару ісіне озық технология енгізуді көздейді.
Ақылды қала жобалары аясында
ІТ-компаниялардың ынтымақтастығын күшейте түсуіміз керек.
Бұл біздің елдеріміздің экономикасын өркендетуге де септігін тигізері анық.
Қазақстан ақылды қала жүйесін құру ісіндегі цифрлық жетістіктерін экспорттауға және тәжірибе бөлісуге дайын.
Алтыншы мәселе. Біз инновациялар мен стартаптарды дамытуға қолайлы жағдай жасауымыз қажет.
Бұл – ақпараттық технология дәуірінің басты талабының бірі.
Сіздерді Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру мәселесін зерделеуге шақырамын.
Сондай-ақ, келесі жылы IT саласында еңбек етіп жүрген жастарымыздың арнайы форумын өткізуді ұсынамын.
Оны «Astana Hub» халықаралық
IT-стартаптар технопаркінде ұйымдастыруға болады.
Қазір онда 560-тан астам компания жұмыс істеп жатыр.
Оның 55-і – шетелдік компания.
Стартаптар соңғы 2,5 жылда 375 миллион доллардан астам пайда тапты.
Сондай-ақ, 132 миллион долларға жуық инвестиция әкелді.
Жалпы, «Astana Hub» технопаркінде жеңілдетілген визалық режим бар.
Ал, онда жұмыс істейтін компаниялар салықтан босатылады.
Құрметті жиынға қатысушылар!
Бүгінгі басқосуымыздың мән-маңызы айрықша.
Біз татулықтың жаңа кезеңіне қадам бастық.
Осында қабылданған аса маңызды шешімдер мен ұсынылған тың бастамалар тұтас түркі әлемінің бауырластығын нығайта түсері сөзсіз.
Мен бүгін тағы бір өте маңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып,
арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасынөз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр.
Ол өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары, он жыл бойы Түркия Республикасының Премьер-министрі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері.
Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат.
Осы маңызды жиын өтіп жатқан Демократия және бостандық аралының да Аднан Мендерестің тағдырына тікелей қатысы бар.
Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын.
Бауырлас елдеріміздің достығы мәңгілік болсын!
Назарларыңызға рақмет!
Ыстамбұл, 2021 жылғы 12 қараша