Түсірілім кезіндегі трагедия: сот белгілі блогердің көлігімен байланысты іске үкім шығарды
Іле аудандық соты 2024 жылғы 29 қазанда Ақсай ауылындағы "Сокол" спорт-техникалық кешенінде түсірілім кезінде 22 жастағы Батырхан Ержанның қаза табуына байланысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тергеу материалдарына сәйкес, оқиға түсірілім сәтінде болған. Жәбірленуші Батырхан Ержан жүріп келе жатқан көліктен секіруге тырысқан. Көлік тізгінінде 45 жастағы жүргізуші болған. Ауыр соққы салдарынан Ержан аса ауыр жарақат алып, келесі күні ауруханада көз жұмды.
Сот бұл оқиғаны "абайсызда өлімге әкеп соқтыру" деп саралап, жүргізушіні 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеуге үкім етті.
Алайда жәбірленуші тарап бұл әрекетті қасақана жасалған деп санап, істі қайта саралап, кінәліні қатаң жазаға тартуды талап етті. Сонымен қатар, олар 100 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы азаматтық талап қойған.
Сот бұл талапты толық қанағаттандырмағанымен, жәбірленуші тараптың өкілдеріне моральдық зиян ретінде тиісінше 3 және 2 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуді міндеттеді.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, қайғылы оқиға кезінде пайдаланылған Lamborghini көлігін танымал блогер Бейбіт Әлібеков түсірілім ұйымдастырушыларының өтініші бойынша ұсынған болатын.
Еске салсақ, Жамбылда супермаркеттердің бірінің жарнамасын түсіру кезінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған блогер де жауапқа тартылды. Болашақ көрермендердің назарын аудартуға тырысқан ол қойылым ретінде автокөліктің алдыңғы әйнегін сындырған және жолаушымен дөрегі дауыспен сөйлесіп, өтіп бара жатқан адамдарды шошытқан.