"Тұрсынбектің бассүйегінің төрттен бір бөлігі жоқ" – Мөлдір Мұқанова
Бұл туралы қазақстандық продюсер Мөлдір Мұқанова журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Продюсер бұрынғы күйеуі, әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады.
Тұрсынбек ол уақытта гастрольдік сапармен Ресейге кетуі керек болды. Алматыдан ұшуға тиіс болған екен. Ол кезде үйден кеткен кезі, араласпаймыз. Мен Алматыға өз жобаларыммен келемін де, Астанаға ұшып кетемін. Үйге келген соң маған қайнағам хабарласып: «Тұрсынбек құлап қалыпты, реанимацияға алып кетіпті» деп айтты. Жүрегім аузыма тығылып, дірілдеп кеттім. Таңертең Алматыдан ұшып келгенмін, кешкі рейске қайтадан билет алдым. Құрбым екеуміз ұшып келіп, әуежайдан ауруханаға жеткенше мазам қашты. Дәрігер қандай хабар береді деген оймен арпалысып жеттім, - деп ағынан жарылды продюсер.
Айтуынша, Тұрсынбектің бассүйегіне ота жасалған.
Мені бәрі күтіп тұр екен, екі дәрігердің алдына кіргізді. Алайда жансақтау бөлімінде жатқан Тұрсынбекті көруге рұқсат бермеді. Артынан дәрігер менің нөмірімді жазып алып, реанимация жаққа кіріп, видеоқоңыраумен Тұрсынбекті көрсетті. Екеуміз видеомен сөйлестік. Көңіл күйі жақсы, басын ақ дәкемен таңып қойған. Тұрсынбек әдеттегідей: «Еркелеп құлап қалыппын» деп әзілдей сөйледі (көзіне жас алды)... Бірақ нақты қандай жағдай болғанын сол беті айтпады. Бассүйегі жарылған, 25%-ін ашып, ота жасап, орнына пластик қойған. Үйге келген соң Тұрсынбек күліп: «Дәрігерлер бассүйегіңізді аласыз ба?!» деп сұрады дейді. Кейіннен емделді, - деді Мөлдір Мұқанова.