Тұрсынбек Қабатов қамауға алынды
Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов 5 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Астана қалалық Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін айыпталған адамға қатысты істі қарады (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі).
Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы ұшақ бортында мас күйінде әдепсіз сөздер айтқан. Сотта ол стюардессалардың нашар қызметіне көңілі толмайтынын айтып, оларға өз ескертуін білдірген. Ол өзінің әдепсіз сөз айтқаны немесе айтпағаны есінде жоқтығын алға тартқан, бірақ қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін кешірім сұраған. Куә (аға стюардесса) құқық бұзушының ұшақ бортында мас күйінде болғанын және әдепсіз сөздер айтып, сол арқылы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзғанын растаған, - делінген хабарламада.
Құқық бұзушының кінәсі куәнің айғақтарымен, жолаушыны полицияға беру актісімен, бейнежазбамен және медициналық сараптама қорытындысымен расталады.
ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінің санкциясында 20 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген.
Сот жасалған іс-әрекеттің көлемі мен сипатын, қоғамға теріс әсер ететін және қоғамды сыйламаушылықты көрсетуге бағытталған, лайықсыз мінез-құлықпен көрінетін құқыққа қарсы мінез-құлықтың жалғасуын ескере отырып жаза тағайындады. Айыпталушы ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол әкімшілік жазаға тартылды - 5 тәулікке қамауға алынды, - деді Жоғарғы Сот.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.