Тұрсынбек Қабатов – «Хабар» агенттігінің креативті продюсері болды
Белгілі өнер қайраткері Тұрсынбек Қабатов бүгіннен бастап «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның креативті продюсері ретінде қызметке кірісті. Осылай Берік Уәли өзінің әлеуметтік папрашасында жазады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бойындағы таланты мен тынымсыз еңбегінің арқасында халықтың ықыласына бөленген Тұрсынбек Аманғалиұлы қолға алған кез-келген жоба табысты болып жатады. Ол әдемі қалжыңы арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, әрдайым көпшіліктің көкейіндегі айтып жүретіні белгілі, -дейді ол.
Оның айтуынша, отандық телеарналардағы «Әзіл әлемі», «Көңілді тапқырлар алаңы» сияқты жобалары көрермен тарапынан үлкен сұранысқа ие.
«Хабар» арнасындағы Тұрсынбек Қабатов жүргізген «Жұп-жұбымен», «Cover show» сияқты жобалар да жоғары нәтиже көрсетіп, Агенттік үшін табысты хабарлардың біріне айналды.
Тұрсынбек Аманғалиұлы жаңа қызметінде көрерменнің көзайымына айналатын тың, қызықты жобаларды әзірлеумен және үйлестірумен айналысады. Әріптесімізге шығармашылық табыс тілейміз,- деп жазады ол өз парақшасында.