Тұрсынбай Құлахмет кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуіне дайындығы туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орта салмақтағы еліміздің ең үздік боксшыларының бірі - Тұрсынбай Құлахмет кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін өткізуге дайындық үстінде. Ол дебюттік жекпе-жегінде отандасы Сағадат Рахманқұловпен (6-1-0 4 КО) жолығады.
Қызылорда облысының тумасы әуесқой бокста біраз додаларда оза шапты. Ислам елдерінің ойындары мен Азия чемпионатында топ жарған. Әлем чемпионатының қола жүлдегері және Қазақстан біріншілігінің үш дүркін жеңімпазы. Енді кәсіпқой бокста қандай белесті бағындыруды көздейді. Бұл туралы Тұрсынбай өзі айтып берді.
Менде бір ғана мақсат бар - еліміз үшін беделді титулдарды жеңу. Кез келген спортшы секілді өзіме жоғары мақсаттар қойғанмын.
Тілші: Алғашқы қарсыласыңыз - Сағадат Рахманқұлов кәсіпқой бокста бірнеше кездесу өткізген. Енді сол тәжірибесін пайдалануға тырысатын шығар?
Боксшы: Өз қарсыласыма құрметпен қараймын, әрдайым өз отандасыма сәттілік тілеймін. Шыңға шығу үшін мықты қарсыластармен кездесу керек, әйтпесе биікке өрмелеу қиынға соғады. Бұл жекпе-жекте жалғыз жол бар, ол жеңіс жолы. Мен жекпе-жекке шығуды ұзақ күттім. Екі рет коронавирусқа байланысты бокс кешін кейінге қалдырды. Енді тез арада шаршы алаңға шығып, атмосфераны сезінгім келеді.
Тілші: Рахманқұловпен кездесу 69,9 келіге дейінгі салмақта өтеді деп жоспарланған. Әуесқой бокста 75 келіге дейін жұдырықтасатын едіңіз ғой.
Боксшы: Біз бұл салмақ таяу арадағы жоспарымыз үшін тиімді нұсқа деп санадық. 23 тамызға дейін бабыма енуге уақыт бар.
Тілші: Кәсіпқой бокстың жаттығу процесінің әуесқой бокстан қаншалықты айырмашылығы бар?
Боксшы: Иә, айырмашылық бар. Бірақ базалық әдістер екеуіне де ортақ. Кәсіпқой бокста жаттығу процесінің ритмі, жүктеме, негізгі басымдық беретін жағдайлар мүлдем өзгеше. MTK KAZAKHSTAN басшысы Қанат Әлтаев өз кезегінде кәсіпқой бокстағы заманауи трендтерді жаттығу жиындарына енгізуге тырысады. Мұнда функционалды дайындыққа ерекше мән беріледі, соққының күшін көбейтуге көбірек жұмыс істеу керек. Жастар мен ұлттық құрамалардың тәлімгерлеріне, әсіресе менің жеке бапкерім Джамил Юсуповқа алғысыз шексіз. Сол кісілердің арқасында техникалық және тактикалық жағынан өзімді еркін сезінемін.