«Тұрмысы жақсы адамдар мемлекеттен көмек алмауы керек». Бектенов жәрдемақыға қатысты ойын айтты
2029 жылға қарай республикалық бюджет тапшылығын 1 трлн теңгеге дейін қысқарту үшін Үкімет бюджет кірістерін арттырып, шығыстарды оңтайландыруды жоспарлап отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік қолдау жүйесін мұқтаждық қағидатына көшіру де бюджет шығыстарын азайтуға мүмкіндік беретінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Наталья Годунова Үкімет басшысынан 2027 жылы 4,6 трлн теңге болады деп жоспарланған бюджет тапшылығының 2029 жылға қарай 1 трлн теңгеге дейін қысқартылу жоспарының қаншалықты шынайы екенін сұрады.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары бюджет тапшылығының ақшалай көлемі өсіп келеді. Сонымен бірге жетіспейтін қаражатты Ұлттық қор мен мемлекеттік қарыз алу есебінен жабу қалыпты тәжірибеге айналған.
2027 жылға арналған бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Ал былтырғы болжам бойынша бұл көрсеткіш 3,7 трлн теңге болуы тиіс еді. Яғни жоспарланған көрсеткіш шамамен 1 трлн теңгеге немесе 40%-ға артқан. Ал 2029 жылы тапшылықты 1 трлн теңгеге дейін, яғни төрт еседен астам қысқарту жоспарланып отыр. Мұндай болжам қаншалықты шынайы? – деп сұрады Наталья Годунова.
Олжас Бектенов үш жылдық бюджеттің көрсеткіштерін бірнеше жыл бұрын дәл болжау қиын екенін айтты.
Үш жылға бюджетті жоспарлау кезінде нақты параметрлерді дәл болжау біршама қиын. Көрсеткіштер болжам ретінде белгіленеді. Сондықтан үш жылдық бюджет жыл сайын қайта қаралып, экономикада қалыптасқан жағдайға қарай жекелеген параметрлер түзетіледі, – деді Премьер-министр.
Оның айтуынша, бюджет тапшылығын қысқарту Үкіметтің негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Бұл үшін екі негізгі бағыт – бюджет кірістерін арттыру және шығыс бөлігін оңтайландыру көзделген.
2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында кірістерді 2027 жылғы 19,9 трлн теңгеден 2029 жылы 23,4 трлн теңгеге дейін, яғни 3,5 трлн теңгеге арттыру жоспарланған.
Премьер-министр бұл көрсеткішке ең алдымен экономиканың өсуі, салық салынатын базаның кеңеюі және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру арқылы қол жеткізуге болатынын айтты.
3,5 трлн теңге – біздің бағалауымыз бойынша, жеткілікті түрде ұстамды болжам. Бюджет кірістерін бұдан да арттырамыз деп үміттенеміз. Бұған, соның ішінде, салық реформасының нәтижелері де ықпал етеді, – деді Олжас Бектенов.
Шығыстарды оңтайландыру бағытында да бірқатар шара қолға алынған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік органдардың әкімшілік ғимараттарын салуға мораторий жарияланған.
Бектеновтің айтуынша, 2026 жылы бюджетті түзету арқылы 360 млрд теңге көлеміндегі шығыс қысқартылып, қаражат басқа басым бағыттарға қайта бөлінген.
Ал 2027 жылға арналған бюджетті әзірлеу барысында мемлекеттік органдардан 36,9 трлн теңге көлемінде шығыс туралы өтінім түскен. Алайда бекітілген шығыс көлемі 30,2 трлн теңгені құрады. Осылайша, бюджет қаралуы кезінде шығыс бөлігі 6,7 трлн теңгеге қысқартылған.
Үкімет басшысы бюджет шығыстарын азайтудың маңызды бағыттарының бірі әлеуметтік сала екенін атап өтті.
Оның айтуынша, қазір әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін реформалау жүргізіліп жатыр. Негізгі өзгеріс азаматқа оның белгілі бір санатқа жататынына емес, нақты мұқтаждығына қарай қолдау көрсету қағидатына көшуді көздейді.
Ақыры, адамның қай санатқа жататынына емес, оның мұқтаждығына қарай қолдау көрсету қағидатына көшіп жатырмыз. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл қағидат толық көлемде жұмыс істейді, – деді Үкімет басшысы.
Бектенов көпбалалы отбасының табыс деңгейіне қарамастан бірдей мемлекеттік қолдау алуы мәселесін мысал ретінде келтірді.
Бүгінде көпбалалы отбасы бай немесе кедей болсын, мемлекеттен бірдей қолдау шараларын алады. Біздіңше, бұл әділетсіз. Өзіне-өзі жеткілікті, тұрмысы жақсы адамдар мемлекеттен көмек алмауы керек. Олар өз мүмкіндігіне сүйенуі тиіс, – деді ол.
Премьер-министрдің айтуынша, мемлекет өз жағдайын қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға ғана қолдау көрсетуі керек. Бұл ретте әлеуметтік көмек адамның тұрақты табыс көзіне айналмай, оны қиын жағдайдан шығуға ынталандыруы қажет.
Мемлекет көрсететін көмекті адам тұрақты түрде алып отыратын нәрсе ретінде емес, өзін табуға, өз жағдайын өзі қамтамасыз етуге және уақыт өте келе мұқтаждар санатынан шығуға жасалған қадам ретінде қабылдауы керек. Осындай философия, – деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, әлеуметтік қолдау жүйесін осындай қағидатпен қайта қарау мемлекеттік қаражатты үнемдеп, оны басқа маңызды бағыттарға қайта бөлуге мүмкіндік береді.
Тек 2027 жылдың өзінде бұл 700 млрд теңге, ал үш жылдық кезеңде шамамен 2,5 трлн теңге болады. Осындай жұмыс жүргізіледі. Бюджетіміздің тапшылығын біртіндеп азайту үшін жұмыс істейміз, – деді Премьер-министр.