Тұрмысы төмен отбасыларға үш күнде өз ісін ашуға көмектеседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға бағытталған «Бизнес үш күнде» атты бірегей жоба іске асырылады, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты. 

Маңғыстау облысында «Бизнес үш күнде» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаның елімізде де, шет елдер де баламасы жоқ. Негізгі міндет –тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан азаматтарға бизнестің негізгі дағдыларын үйрету. Демеушілік арқасында Маңғыстау облысының 150 жанұясы өз бизнесін ашты. Қысқа уақыт ішінде облыс тұрғындары нан өнімдерін өндіру цехы, киім-кешек пен тоқыма бұйымдарын тігу, жылыжай сияқты жобаларын бастауға кірісті. Жоба Маңғыстау облысы әкімінің бастамасымен жүзеге асырылуда. 

«Бизнес үш күнде» жобасына тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп жатқан отбасылар, асыраушысынан айырылған отбасылар қатыса алады. Бағдарламаның барлық қатысушыларына өнімнің сатылуына көмек көрсетіледі. Өз ісін жаңа ашқан кәсіпкерлерге өнімдерді өткізу немесе қызметтерді сатудан бастап, толық оқу және жобалық қолдау көрсетіледі. 

«Жобаның атауына сай біздің облыстағы тұрмысы төмен азаматтар үшін үш күннің ішінде өз ісін ашыуға мүмкіндік жасалып отыр. Біздің жобаға қатысушыларға несие алып керек емес. Ең алдымен, біз нақты көмекті қажет ететін отбасыларды анықтадық. Отбасылардың қандай кәсіпке бейімі барын қараймыз. Бірінші күні анықтаған жұмысымыз бойынша қайтарымсыз, несиесіз сол бизнесті жүзеге асыру үшін қажет тауарды апарып береміз», - дейді «Бизнес үш күнде» жобасының үйлестірушісі, дизайнер Айжан Нұрланова. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта осы жобаны Қазақстанның астанасында жүзеге асыруға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Үкіметтік комиссия «Бизнес үш күнде» жобасымен танысқан. Жобаның алғашқы нәтижелерін көргеннен кейін, оны елдің барлық өңірлерінде қолдау ұсынылды. 

«Әкімдік қызметкерлерімен бірге тұрмысы төмен елордалық отбасылармен кездестік. Біз олармен әңгімелестік, олар біздің жобамызға қызығушылық танытты. Жуырда қаланың барлық аудандарында «Бизнес үш күнде» жобасының штабтары жұмыс істей бастайды. Арнайы әкімшілер жобаның шарттарына сәйкес мүдделі қатысушылардың тізімін жасайды. Қатысу туралы өтініштер арнайы байланыс орталығының нөмірі арқылы қабылданады. Арнайы комиссия әр өтінімге аудит жүргізеді. Егер қатысуға ниет білдіргендер жоба шарттарына сай болса, онда олар бизнесті жүргізудің барлық қажетті құралдарымен қамтамасыз етіледі», – дейді Айжан Нұрланова. 

Еске салайық, «Бизнес үш күнде» жобасы  Маңғыстау облысында аймақ басшысы мен жергілікті кәсіпкерлердің бастамасымен жүзеге асырылатын пилоттық жоба.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы