Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа не себеп және қалай алдын алуға болады

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ ұйымдастыруымен «Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» тақырыбы аясында пікірталас өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмау – Қазақстанның отбасылық-демографиялық саясатының күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Өйткені, зорлық-зомбылық өткір әлеуметтік проблема ретінде жәбірленушілердің өздеріне әсер етіп қана қоймайды, сонымен бірге жалпы қоғамдық тұрақтылыққа және әлеуметтік тәртіпке қауіп төндіреді. Сондықтан бұл іс-шара Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші, мәселелері мен оның алдын алу үшін істеліп жатқан шараларды талқылау, сондай-ақ осы тақырып бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында өтті.

Жиынға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, отбасын қолдау орталықтарының өкілдері, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, психологтар мен әлеуметтанушылар, ҚҚДИ сарапшылары қатысты. 

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми деректеріне сүйенсек, 2017-2020 жылдар аралығында отбасылық-тұрмыстық өмірде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 2,5 есеге өсіп, 446-дан 1072-ге жеткен. 

Қоғамдық даму институтының осы саладағы зерттеулері көрсеткендей, азаматтар мынадай әрекеттерді зорлық-зомбылық деп түсінеді:

  • Сексуалды зорлық-зомбылық жасау (зорлау, азғындық және жыныстық сипаттағы еріктен  тыс  басқа да әрекеттер) – 95,9%;
  • Ұрып-соғу, қол көтеру – 95,7%;
  • Балаларды қатыгездікпен жазалау – 94,8%;
  • Суицидке итермелеу – 90,1%;
  • Жеңіл физикалық қысым көрсету (итеру, қолды қайыру) – 88,2%.

«Кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстардың алдын алу мәселесі» тақырыбында Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институты, Қылмыстық саясат және криминология мәселелерін зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Бибігүл Құлмұханбетова сөйледі. Ол өз баяндамасында ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясымен бірлесіп жасаған зерттеудің нәтижелері туралы айтты.

Әдетте зорлық-зомбылықты баланың сенім артатын адамдары, яғни, отбасы мүшелері немесе таныстары жасайды (74,6%), олардың 28,2%-ы – бірге тұратын ата-аналар (өгей әкелер), ал 26,2%-ы – таныс емес адамдар. Сексуалды зорлық-зомбылыққа әдетте 14 жасқа дейінгі балалар ұшырайды (54,5%) және ол ұзақ уақыттар бойы жалғасады (3 айдан 7 жасқа дейін), – деп баяндады Б.Құлмұханбетова.  

Оның сөзінше, кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық-зомбылық жасауға ықпал ететін негізгі факторлар:

  • жақын туыстарының баланың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауы (оны мас қылмыскердің жанында жалғыз қалдыру, баланың шағымдарына, мінез-құлқындағы өзгерістерге жеткілікті назар аудармау);
  • ересектер мен балалардың бос уақыттарын дұрыс ұйымдастырмауы, кейде болмауы (жыныстық зорлық-зомбылықтың 59,6%-ы мас күйде жасалған);
  • отбасының тұрмыстық және әлеуметтік-экономикалық жағдайы (аналардың баланың жыныстық зорлық-зомбылық көруіне үнсіз келісім беруі);
  • қоғамдағы, отбасыдағы салт-дәстүрлерге байланысты бұрмаланған моральды идеялар;
  • заңды өкілдердің қылмыскерлерді қорғауы (зорлық жасаушыларды жақтау мақсатында жақын туыстардың балаға теріс әсері);
  • жанұя мүшелері арасында эмоционалды байланыстың болмауы және микроортаның немқұрайлығы;
  • халықтың құқықтық және жыныстық (интимдік қарым-қатынас саласындағы білім) сауатының төмендігі;
  • балалардың қауіпсіздігі, соның ішінде жыныстық зорлық-зомбылық туралы мәселелерді білмеу (дағдыланбау).

Зерттеу нәтижесінде анықталған олқылықтар негізінде халықтың құқықтық және жыныстық сауаттылығын арттыру мақсатында мыналар ұсынылады:

  • балалардың қауіпсіздігі туралы пәнді міндетті мектеп бағдарламасына енгізу;
  • мұғалімдерге біліктілікті арттыру курстарында кәмелетке толмағандардың жыныстық зорлық-зомбылық және девианттық мінез-құлық белгілерін анықтау әдістерін үйрету;
  • ата-аналар жиналысында зорлық-зомбылықсыз педагогика әдістері бойынша сабақтар өткізу.

Кездесу «Тең құқықтар және тең мүмкіндіктер институты» қоғамдық қоры басшысының орынбасары Татьяна Резвушкинаның тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес саласындағы қазақстандық дағдарыс орталықтарының қызметі туралы баяндамасымен жалғасты. Спикердің айтуынша,  елдегі 44 дағдарыс орталығы, меншік нысанына қарамастан мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып, бірыңғай стандарт бойынша жұмыс істейді. 

Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық өмірде жасалған әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар саны жыл сайын артып келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсету үшін қаржылық, уақытша, кәсіби ресурстары бар бұл мекемелер ең қиын сәттерде оларды баспанамен қамтамасыз ету, жағдайды қалпына келтіру және бейімдеудің әлеуметтік, экономикалық, құқықтық мәселелері бойынша қолдау көрсетеді.Әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін «мықты» отбасын құру және (немесе) сақтау жолында түзетілетін қателік ретінде емес, адам құқықтарын бұзу деп қарау керек, - деді Татьяна Резвушкина.

Ол 17 дағдарыс орталығының (5 мемлекеттік және 12 жеке меншік) қызметіне жүргізілген мониторинг нәтижелеріне тоқталып, олардың жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстар айтты.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық дағдарыс орталықтарына көліктер қажет. Бенефициарлар саны жыл сайын жоспардан асып түседі. Бірде-бір орталық бөлінген қаражаттың жетпеуінен зардап шегушіге қызмет көрсетуден бас тартқан жоқ. Барлық дағдарыс орталықтарында жанжалсыз “атмосфера”, әкімшілік пен қызметкерлер арасында достық қарым-қатынас орнаған. Кейбір қызметкерлер тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесу үшін кәсіби дағдыланбаған, айтарлықтай мотивациялары жоқ. Әлеуметтік, психологиялық аспектілер мен қауіпсіздік стандарттары бойынша біліктілікті сирек арттады. Мотивациясы өте жоғары мамандар ғана өз қаражаты есебінен оқиды. Дағдарыс орталықтарының жұмыс жүктемесі көп, бірақ жалақы төмен. Мамандар табысын арттыру үшін 1,5 мөлшерлемемен жұмыс істеуге мәжбүр. Кейбір дағдарыс орталықтарында еңбек ұжымдарының тұрақсыздығы байқалады. Оған аз жалақы, стресстік жағдайлар, эмоционалды күйзеліс және жауапкершіліктің жоғарылығы себеп, – деді  Татьяна Резвушкина

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Фото: интернеттен
Өзгелердің жаңалығы