"Тұрмысқа шықпайсың": Ұлытауда бір отбасын бес жыл бойы қорқытқан күдікті ұсталды
Ұлытау облысында қыз бен оның отбасын бес жыл бойы қорқытып, қудалаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, күдікті бір отбасының мүшелерін бірнеше жыл бойы үрей мен қорқынышта ұстаған.
Ұлытау облысында CyberPol қызметкерлері киберқудалаудың ең ұзаққа созылған істерінің бірін ашты.
Бес жылға жуық уақыт бойы күдікті анонимді аккаунттар мен цифрлық бүркеншік аттарды пайдаланып, бір отбасын жүйелі түрде қудалаған. Алғашында қысым тікелей қызға көрсетілген — бопсалау, қорқыту, жалған ақпарат тарату. Кейін қудалау одан да қауіпті деңгейге өткен. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, күдікті шынайы адамдарды имитациялайтын интимдік сипаттағы жалған фото және бейнематериалдар жасаған. Бұл материалдар интернетте таратылып, туыстарына, таныстарына және үшінші тұлғаларға жіберілген, - дейді Ұлытау облысының ПД баспасөз қызметі.
2023 жылы жәбірленушінің тұрмысқа шығатынын білген аноним қыздың болашақ күйеуінің отбасына ар-намысына нұқсан келтіретін жалған бейнематериалдарды жолдаған. Соның салдарынан үйлену тойының жоспары бұзылған.
Қыз цифрлық кеңістіктен толықтай кетуге тырысқан кезде, қудалау оның жақын туысына бағытталған. Интернетте жалған анкеталар мен материалдар таралып, отбасының, оның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне нақты қауіп төнген. Күдіктінің өзін толықтай жазасыз әрі анониммін деп санағанына қарамастан, киберполиция қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында оның жеке басын анықтады. Заманауи цифрлық технологиялар мен талдау құралдарының көмегімен көп жылға созылған онлайн-қудалаудың артында тұрған нақты тұлға әшкереленді. Күдікті ретінде Сәтбаев қаласының 22 жастағы тұрғыны анықталды. Ұстау шарасы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен оның тұрғылықты мекенжайында жүргізілді. Тінту барысында құқыққа қайшы әрекеттерде пайдаланылған компьютерлік техника мен байланыс құралдары тәркіленді, - деді Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Меруерт Рахимжанова.
Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Тергеу оның басқа да киберқылмыстарға қатыстылығын тексеруде.
Еске салайық, бұған дейін әйелдердің мазасын алып, басқан ізін аңдыған екі шымкенттік қамауға алынды.