Тұрмысқа шықпаймын деп ашуланып айттым - Әбиба Әбужақынова
Париж Олимпиадасына аттанған қазақстандық спортшылардың бір легі елге оралды. Оларды салтанатты түрде жанкүйерлер мен туған-туыстары қарсы алды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Париж Олимпиадасынан 5-орынмен оралған Ұлттық құрама дзюдошысы Әбиба Әбужақынова жарыстан кейінгі өз әсерімен бөлісті.
Ыстық ықыласпен күтіп алғандарыңызға рахмет. Осы жолы 5-орынмен қайттым. Алдағы жарыстарда көк туымызды биіктен желбіретуге уәде беремін. Менің жақсы күресіп келе жатқаныма 2 жыл ғана болды. Қалған қарсыластарым бұрыннан жүлдегер болып жүрген қыздар. Тағы да 4 жыл маған тәжірибе жинауға жетеді деп ойлаймын, 48 келіде қаламын, - деді спортшы.
Әбиба Әбужақынова алдағы жоспарларымен бөлісті. Қазақстандық дзюдошы ел намысын Абу-Дабиде қорғамақ.
Қазанның 13 күні Абу-Дабиде өтетін Grand Slam турнирінде күресемін. Оған 2 ай бар. Бұйырса 2 аптадай демалып, қайтадан жаттығуға ораламын. Бірақ Олимпиада кезінде шағын жарақатым болды. Тіземнің сіңірін созып алдым. Ертең тексеріліп, 1 айдай күреспеймін.
Сондай-ақ дзюдошы қыз жеке өміріне байланысты сұрақтарға да жауап берді.
Келесі Олимпиадаға дейін тұрмыс құру маған кедергі емес. Оны ашуланып айтқанмын. Бұл туралы әлі ойланып көремін, - деді Әбиба Әбужақынова.