Түрмеге тыйым салынған заттарды енгізу әрекеті дер кезінде тоқтатылды
Аршалы ауданындағы қауіпсіздігі жоғары түзету мекемесінің аумағына тыйым салынған заттарды жасырын өткізуге бағытталған әрекет дер кезінде әшкереленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел бөлімге күзетілетін нысан маңындағы көмір үйіндісінен күдік тудырған қара түсті түйіншектің табылғаны жөнінде хабарлама түскен. Ақпарат бірден тіркеліп, қажетті шаралар қолға алынды.
Оқиға орнына жедел бөлім қызметкерлері 3-сыныпты сержант Нұрбол Аштаев және оның қызметтік итімен бірге жедел жетті. Тексеру барысында түйіншектің ішінен сегіз мобильді телефон мен екі SIM-карта анықталды. Бұл заттар мекеме аумағына заңсыз жолмен өткізілмек болғаны белгілі болды, - делінген хабарламада.
Ұландық сержанттың қырағылығы және ҚАЖ комитеті қызметкерлерінің үйлесімді қимылының нәтижесінде тыйым салынған заттарды жеткізуге бағытталған әрекеттің жолы кесілді. Осы дерек бойынша материалдар тиісті органдарға жолданып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.