Түрмедегі жаңа кәсіп: сотталғандар құс шаруашылығын өркендетуде
Қызылордадағы түзеу мекемесінде сотталғандар құс шаруашылығын дамытып, қаз, үйрек пен тауық өсіріп жатыр. Еңбекке баулу – олардың түзелуіне жол ашуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде сотталғандарды жұмыспен қамту жүйелі түрде жолға қойылған. Қазіргі таңда мекеменің өндірістік аймағында 17 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп, 500-ден аса сотталған түрлі салада еңбекпен қамтылып отыр.
Соның ішінде үй құстарын өсіру ісі де қолға алынған. Мекемеде қаз, үйрек және тауық бағыла бастады. Жеке кәсіпкер Орынбасар Тұрғанбекұлының айтуынша, ол бұған дейін мекеме аумағындағы дәнекерлеу цехында қоршаулар мен пескоблок өнімдерін шығарумен айналысып келген. Енді құс шаруашылығын да қатар дамытып отыр.
Қаз өсіріп, көбейтіп сатуды жоспарлап отырмын. Құстың еті де, жұмыртқасы да халыққа пайдалы. Бұл жұмысқа 5 сотталғанды тартып, еңбекпен қамтып отырмын, – дейді кәсіпкер.
Ал сотталғандардың бірі құс өсіру ісіне ризашылығын білдірді.
Жалақы алып, отбасымдағы балаларға көмектесемін. Бала кезімізде өзіміз де тауық, үйрек, қаз бақтық. Бұл біз үшін қиын емес, қайта еңбекке араласқаныма қуаныштымын, – деді ол.
Осылайша, түзеу мекемесінде сотталғандардың уақытын тиімді өткізіп, еңбекке баулу арқылы олардың әлеуметтік бейімделуіне мүмкіндік жасалуда. Құс шаруашылығы – алдағы уақытта кеңейіп, табысты бағыттардың біріне айналуы күтілуде.