Түрмедегі кәмелетке толмағандар алғаш рет ҰБТ тапсырды
Алматы қаласының №11 түзеу мекемесінің оқушылары ҰБТ тапсыруға қатысып, өту балдарын жинай алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биылғы жылдың 20 сәуірінде адам құқықтары жөніндегі уәкіл – Артур Ермекұлы Ластаевтың жұмыс сапары барысында, белгілі құқық қорғаушы және «Адам құқықтары үшін Хартия» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетовамен бірге Алматы қаласындағы кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік мекемесіне барды.
Жасөспірімдер бірқатар проблемасын, соның ішінде олардың білім алу құқықтарын іске асыру мәселелерін айтып жеткізді.
Бұл мекеменің оқушылары тек жалпы орта білім туралы аттестат алатыны белгілі болды, бірақ ҰБТ тапсыруға және білім беру гранттарын алу конкурсына қатысуға мүмкіндіктері болмаған. Оқу-Ағарту, Ішкі Істер министрліктері және Жеміс Тұрмағамбетованың бірлескен жұмыстары нәтижесінде түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан кәмелетке толмағандарды Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіне енгізуге мүмкіндік туды. Осы жылдың жазында Алматы қаласының №11 түзеу мекемесінің оқушылары ҰБТ тапсыруға қатысып, өту балдарын жинай алғаны туралы ақпарат түсті. Білім беру мәселелері барлық сотталғандардың қайта әлеуметтенуіне сапалы түрде әсер ететіні сөзсіз, сондықтан Омбудсмен кеңсесі осы бағытта жұмысты әрі қарай жалғастырады, - делінген хабарламада.