Түрме мектептерінің атауы аттестаттардан алынып тасталады
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Астанада өткен халықаралық конференцияда Қазақстан мектеп және колледж аттестаттарынан қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі оқу орындары туралы мәліметті алып тастауды ұсынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, мұндай белгі түлектердің арасында қоғамдық теріс көзқарас тудыруы мүмкін. Тіпті олардың соттылығы әлдеқашан жабылған болса да кері ықпалы бар.
Біз уәкілетті ведомстволарға аттестаттардан ҚАЖ мекемелеріндегі мектептер мен колледждер туралы ақпаратты алып тастауды ұсындық. Мұндай тәжірибе кемсітуге әкелуі мүмкін, – деді Ластаев.
Омбудсмен Петропавлдағы №66 мекеме толық жабылатынын да мәлімдеді.
Петропавлдағы №66 мекеме сотталғандарды ұстауға мүлдем жарамсыз болғандықтан толығымен жабылады. Оның орнына заманауи екі жаңа мекеме салу жоспарланған. Жобалау-сметалық құжаттама дайындалды, біз бұл процесті дәстүрлі түрде бақылап отырамыз, – деді ол.
Ластаев өз сөзінде Ұлттық превентивтік механизмнің жұмысына да тоқталды. Биыл ҰПМ үйлестіру кеңесі соңғы 10 жылдағы ұсынымдарды және есептердің сапасын талқылаған 15 отырыс өткізген.
Ай сайын кеңес мүшелеріне бару мен ұсынымдар туралы есептер жіберіледі. Бұл ҰПМ жұмысын жүйелі түрде жинақтап, сапалы біріктірілген баяндама дайындауға мүмкіндік береді, – деді омбудсмен.
Оның мәліметінше, Қазақстанда ҰПМ-ге қарасты 3 070 нысан бар, оның 2 800-і – учаскелік полиция пункттері. Ластаев өңірлік омбудсмендерге олардың барлығын 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін тексеріп шығуды тапсырды.
2 800 учаскелік полиция пунктінің барлығы 2026 жылдың бірінші тоқсаны аяқталғанға дейін өңірлік омбудсмендер тарапынан тексеріледі, – деп атап өтті ол.
Жабық мекемелерге бару да басымдықтардың бірі болып қала береді. 2023 жылы омбудсмен және оның өкілдері 801 нысанға барса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 817-ге жеткен.
Егер ҰПМ мүшелері мен омбудсмендердің барлық сапарын есептесек, жылына 1 200-ден асады. Халықаралық міндеттемелерге сәйкес төрт жылда бір рет барып тұруы тиіс 964 мекемені Қазақстан іс жүзінде бір жылдың ішінде қамтып отыр, – деді Ластаев.
Ол сотталғандардың медициналық шағымдарына да тоқталды. Ұзақ уақыт бойы ҚАЖ дәрігерлерінің медициналық ақпараттық жүйеге қол жеткізе алмауы Ыстанбұл хаттамасының талаптарына қайшы келген.
Сотталғандар көбіне ҚАЖ мен жазаны ауыстыру мәселелеріне шағымданады. Медициналық қызмет сапасына қатысты да проблемалар болды: ҚАЖ дәрігерлері қос қағазбастылықпен жұмыс істеуге мәжбүр еді. Қазір барлық сотталғандар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамтылған, ал дәрігерлер ақпараттық жүйеге тікелей мекеме ішінде қол жеткізе алады, – деді омбудсмен.
Оның айтуынша, электронды құжаттандыру – қатігездік фактілерін тіркеудің маңызды кезеңі және халықаралық стандарттарға сай келеді. Ластаевтың айтуынша, ұсынымдар басқа салаларға да қатысты болған, соның ішінде ҚАЖ оқу орындарының түлектерін қорғау мәселесі бар. ҚАЖ туралы белгіні аттестаттардан алып тастау мәселесі қаралып жатыр және омбудсмен бұл жұмысты бақылауды жалғастыратынын айтты.