Түрме курорт емес, бірақ азаптау орны да болмауы тиіс – сарапшы
Астанада өткен халықаралық конференцияда ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов сөз сөйлеп, адам құқықтарын қорғау кез келген заманауи Конституцияның негізгі қағидаты екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, сотталғандардың құқықтарына назар аудару – Қазақстан жүргізіп отырған мемлекеттік саясаттың гуманистік бағытын көрсетеді.
Осы күні қылмыстық-атқару жүйесіне қатысты мәселелерді талқылауымыздың да белгілі бір символикалық мәні бар. Қазіргі кез келген мемлекетте адам құқықтарын қорғау Конституцияның өзегін құрайды, – деді Игорь Рогов.
Ол атап өткендей, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде адам құқықтарының сақталуына мән беру – мемлекеттің гуманистік бағытының маңызды көрсеткіші. Рогов қазақтың дәстүрлі құқық жүйесінде де адамгершілік қағидалары басым болғанын еске салды.
Қазақтың қылмыстық әдет-ғұрып заңдарында өлім жазасы мен аса қатал шаралар болмаған. Негізгі жаза – айыппұл еді. Мұндай дәстүрді бүгін сақтап қалу оңай емес, әсіресе қылмыс, экстремизм, терроризм мен жаһандық қақтығыстардың көбейген кезеңінде қиын, – деді ол.
Роговтың пайымдауынша, қазіргі халықаралық құқық қорғау қозғалысы Екінші дүниежүзілік соғыстың сұмдығына жауап ретінде пайда болған. Қазақстан да осы қағидаларды ұстана отырып, жазалаудың сөзсіз жүзеге асырылатын сипаты мен гуманизм арасындағы тепе-теңдікті табуға ұмтылады.
Бір жағынан, бостандықтан айыру орындары курорт болмауы тиіс. Екінші жағынан, олар азаптау орнына айналмауы керек. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың барлық еңбегі осы тепе-теңдікті табуға бағытталған, – деді Рогов.
Игорь Рогов ҚАЖ реформасын әзірлеуде ғылыми қауымдастықтың – криминологтар, заңгерлер, социологтар мен саясаттанушылардың рөлін ерекше атады. Ол Қазақстанда электронды мониторинг, «бостандықты шектеу» түсінігін қайта қарау сияқты тәсілдер 1990-жылдардың басында-ақ талқылана бастағанын айтты. Сонымен қатар ғылыми негізделген әдістерді енгізуді ұзаққа созбауға шақырды.
Бұл мәселелерді терең зерттейік, бірақ мұндай алаңдарда айтылған ұсыныстарды жүзеге асыруды кейінге қалдырмайық, – деді спикер.
Сөз соңында Игорь Рогов конференция қатысушыларына жемісті жұмыс тілеп, Адам құқықтары күнімен құттықтады.