Түрлі жағдайларға төтеп беруге дайын болуымыз керек: Аймағамбетов мектептегі қауіпсіздік туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері туралы айтты.

Министр атап өткендей, балалардың қауіпсіздігі – ең басты мәселе. Ата-аналар балаларын балабақша, мектепке жібергенде алаңдамаулары керек. Қауіпсіздік шаралары толығымен қабылданып, балаларға қауіпсіз орта қалыптастыруы қажет. Ол үшін тиісті жұмыс ұйымдастырылуы тиіс.

Қазан қаласында болған жантүршігерлік оқиға бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл біз үшін үлкен сабақ болуы керек. Сол себепті білім саласында кешенді, жүйелі шаралар қабылдаған дұрыс. Бұл мәселені алдыңғы аптада да қараған болатынбыз. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетінде де қарастырылды, - деді ол.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы аталған бағыт бойынша тапсырма берді.

Дабыл түймелерін, бейнебақылау жүйелерін орнатуымыз керек. Орталықтандырылған полицияның бекеттеріне шығарылған бейнебақылауды, металл іздегіш құрылғыларды орнату қажет. Сонымен қатар арнайы күзет болу керек. Одан бөлек, психологтың жұмыстарына қатысты да мәселелер бар, - деп түсіндірді Аймағамбетов.

Оның сөзінше, Қазан қаласында болған оқиға өте маңызды мәселені көрсетті.

Бұл – мұғалімдердің, балалардың, жалпы мектептің қызметкерлерінің осындай әртүрлі жағдайда өзін ұстау мәселесі. Мұндай жағдайда не істеу керек? Алғашқы шаралар қандай болуы керек екені маңызды болып тұр. Халықаралық аккредитация жүйелерін қарасақ, ең алдымен осы мәселе (қауіпсіздік – Baq.kz) қаралады. Өйткені осындай түрлі жағдайларға төтеп беруге дайын болуымыз керек. Ол үшін әр қызметкер, оқушы шараларды біліп, автоматты түрде орындауға дайын болуы тиіс, - дейді бас ұстаз.

Министрдің айтуынша, бұл мәселелер енді аккредиттеу рәсімінде осы талаптар болады. Яғни мектеп, балабақшалардың аккредитациясында қарастырылатын маңызды мәселенің бірі болмақ.

Мектеп бітірген баланың өзі бітірген мектебіне қарумен баруы – бұл ең алдымен тәрбие жұмысына қойылатын сұрақ. Сондай-ақ білім мазмұнына, бағдарламасына қатысты мәселе. Күзет, психологтардың жұмысы, бейнебақылау, металл іздегіш, дабыл түймелері деп қана отырмай, тәрбие жұмысын да жандандыру керек. Ең басты мәселе – құндылықтарға негізделген білім, тәрбие беру мәселесі, - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы