Түрлі ұлт өкілдері Наурыз мерекесіне орай ортақ дастархан жайды
Ертіс өңірінің этномәдени бірлестіктері Ұлыстың ұлы күнін тойлауды бастап кетті. Олар «Наурыз дастарханы» шарасына қатысып, ұлттық тағамдарын паш етті, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
«Наурыз дастарханы» шарасын өткізуге С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың мамандары мұрындық болды. Аспаздық өнер фестиваліне қазақ, өзбек, тәжік, әзербайжан, татар-башқұрт мәдени орталықтарының ардагерлері келді.
Басты мақсат – әр ұлт аспаздық өнерінің ерекшеліктерін көрсету және жастарға тағамдарды даярлау әдістері, тарихы туралы жеткізу. Шараға белсенді қатысқандардың қатарында зейнеткер, Павлодар ауданының тұрғыны Сәуле Кенжебаева бар. Ол фестивальге бауырсақтың бірнеше түрін әзірлеп келіпті.
Наурыз – малымыз төлдеп, жер көгеріп, аузымыз аққа жеткен кез. Қыстан аман-есен шығып, бір-бірімізбен көрісіп жатырмыз. Сонымен қатар ренжіткен адамдарымыз болса, татуласуға тырысамыз. Осы шараға бауырсақтың бірнеше түрін әзірлеп келдім: ши бауырсақ, бармақ бауырсақ, дәстүрлі бауырсақ, бала бауырсақ. Отбасымызды дастарханға бірінші кезекте астан бөлек бауырсақ қоямыз. Қонақ келсе, бірінші наннан ауыз тиюге шақырамыз, - дейді Сәуле апа.
Татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің өкілі Зейнетдин Тәшімовтың айтуынша, фестивальге чак-чак, учпучмак және тағы басқа ұлттық тағамдар ұсынылды.
Мереке келе жатыр. Біз мәз-мейрамбыз. Елімізде бейбітшілік болсын. Дастарханымыз мол, аспанымыз ашық болсын, - дейді ардагер.
Бұл – кітапханашылар ұйымдастырған шаралардың бір парасы ғана. Фестивальмен бір мезетте «Наурыз келді нұрландырып» атты кітап көрмесі ашылды. Көрмеге қойылған 100 кітаптың барлығы ежелгі көктем мерекесінің ерекшеліктері, ұлттық тағамдар, ұлттық ойындар тақырыбына арналған.