ТүркПА: Мәжілісте ынтымақтастықтың жаңа кезеңі талқыланды

Астана, BAQ.KZ. Бүгін Мәжілісте ТүркПА-ға қатысушы елдердің ұлттық заңнамасын үйлестіру бойынша үшінші семинары өтті.

Іс-шараны Құқықтық мәселелер мен халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының төрағасы Исмет Учма жүргізді, деп мәлімдейді Мәжілістің баспасөз қызметі.

Күн тәртібінде ТүркПА-ға мүше елдердегі жоғары білім беру саласындағы эквиваленттік процестер, түркі әлеміне ортақ құндылықтар мен тарихи-мәдени мұраларын сақтау және қорғау, басқа да мәселелер қаралды.

Отырысқа Мәжіліс депутаттары, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия елдерінің парламентшілері, ТүркПА Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссия мүшелері, мүше-парламенттердің заң департаменттерінің өкілдері, түркі ынтымақтастық ұйымдарының өкілдері қатысты.

2014 жылғы 18 наурызда Стамбулда өткен бірінші семинарда тараптар Еуропалық одақ пен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық ассамблеясы контекстінде өз тәжірибелерімен бөлісті. Ал 2016 жылғы 18 наурызда Анкарада өткен екінші семинарда, тараптар өз елдеріндегі отырыстың атауына қатысты қолданыстағы құқықтық базамен, яғни мәдени байлықты сақтау және дамыту бойынша бірлескен заңнамалық күш-жігермен бөлісіп, мәдениет және туризм саласындағы нақты тақырыптар бойынша жұмысты жалғастыруды шешті.

Ал, бүгінгі өткен шараның мақсаты – заңнаманы үйлестіру үдерісін жақсарту үшін нақты тақырыптары мен күнтізбелік жоспары бар жол картасын анықтау.

Отырыс барысында Түркия Республикасы Ұлттық жиналысының сарапшысы Эрджан Дурдулар түркі әлемінің материалдық емес мәдени мұрасын қорғау туралы модельдік заңмен таныстырды. Әзірбайжан Республикасы Милли Меджлисінің Мемлекеттік құрылыс заңнамасының дирекциясы басшысының орынбасары Фуад Маммадов, Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі тақырып бойынша баяндады.

Сонымен қатар, осы күні парламентшілер ТүркПА Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының жетінші отырысының жұмысына қатысты. Онда ТүркПА-ға қатысушы-елдердегі жоғары білім берудегі баламалылық үдерістерінің мәселелері талқыланды.

Баяндамашылар жоғары білімнің тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамудағы рөліне ерекше тоқталды. Осы орайда ТүркПА-ға қатысушы елдердің сапалы да, сандық жағынан жоғары білім берудің жақсы дамыған және озық жүйелері бар екендігі айтылды. ТүркПА-ға қатысушы елдер құқықтық және институционалдық шеңберлерін нығайта отырып, өздерінің жеке оқу жүйелерін әрі қарай дамытып, жоғары білімді жақсартуға үлкен үлес қоса алатыны атап өтілді.

Талқылау қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы