«Түркияны алыңыз». AMANAT партиясы Башинскаяның қателігіне қатысты пікір білдірді

AMANAT партиясы депутат Анна Башинскаяның қателігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Анна Башинская әлеуметтік желіде пікір жазғаннан кейін халықтың сынына ұшыраған болатын. Осыған қатысты бүгін Мәжілісте AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев пікір білдірді.

Башинская расында да партия мүшелігіне жаңадан келген. Жаңа азамат. VIII шақырылымда мәслихатта депутат болған. Иә, абайсызда қателікке бой ұрды. Оны мойындады. Әлеуметтік желіде пікірін білдірді. Депутаттық мандатына байланысты шешімін шығарып, депутаттықтан кетті, - деп айтты Бейсенбаев.

Депутаттың айтуынша, партия саяси организм болғандықтан онда қателіктер болуы мүмкін.

Ол партияның репутациясына нұқсан келтірді деп айта алмаймын. Партия халықаралық істерге араласпайды. Өзге мемлекеттердің президенттерінің мәлімдемелеріне біз пікір білдірмейміз. Бұл – тікелей AMANAT партиясының позициясы, - деді ол.

Бейсенбаев Башинская депутаттық мандатпен қатар, партия қатарынан да кеткенін мәлімдеді.

Кеше Башинская Facebook-тегі парақшасында былай деген болатын.

Мен өз әрекеттеріммен еліміздің бейбіт саясатына көлеңке түсіргім келмейді. Соңғы күндері әрекетімді айыптайтындардың сезімдерін түсініп, көп ойландым. Менің пікірім бүгінгі қиын оқиғалар аясында орынсыз болғанын тағы да атап өткім келеді. Осылайша, қоғам алдында күрделі жағдай туғызды. Осыған байланысты мен партияның ресми ұстанымымен толығымен қосыламын. Жеке жауапкершілікті сезіне отырып, мен депутаттық өкілеттіктерді тоқтату туралы шешім қабылдаймын. Жіберілген қателік үшін барлық отандасым мен партияластардан шын жүректен кешірім сұраймын. Барлығына жақсылық пен бейбітшілік тілеймін, - деп жазған еді экс-депутат.

Deutsche Welle басылымы Facebook парақшасында Украина президенті Владимир Зеленскийдің Қырымды Ресей бақылауынан қайтарып алғысы келетіні туралы мақала шығарған болатын. Бұл мақаланың астына AMANAT партиясы Алматы қалалық мәслихатының депутаты Анна Башинская «Одан да Түркияны алыңыз, Зеленский мырза! Ол жақта күн жылы, жанға жайлы» деген пікір қалдырған.

Депутаттың мәлімдемесі қоғамдық резонанс тудырды. Желі қолданушылары Ресейді қолдаған депутатты мандатынан айыру керегін жазып, кейін Башинская қоғамнан орынсыз пікірі үшін кешірім сұрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы