Түркиялық сарапшы: «Homo sapiens жасанды интеллектіден алда болуы керек»
Түркиялық сарапшы түркі елдерінің технологиялық интеграциясы, жасанды интеллектінің мүмкіндігі мен қаупі, сондай-ақ Қазақстан мен Түркияның бұл саладағы ұстанымы туралы айтты.
Жасанды интеллект, цифрлық трансформация және технологиялық бәсеке – бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымының күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың біріне айналды. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары ұйымның әлемдік экономика мен саясаттағы ықпалы күшейе түсуі мүмкін. Бүгін Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы бейресми саммит те түркі халықтарының ортақ тарихи мұрасы мен цифрлық дәуірдегі жаңа даму бағытын ұштастыратын маңызды алаң ретінде бағаланып отыр.
Осы тақырып аясында BAQ.KZ тілшісі халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы, Түркиядағы Ерзинджан Бинали Йылдырым университетінің профессоры Айнұр Ногаевамен сұхбаттасты.
- Айнұр ханым, Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістандағы саммитінде жасанды интеллект негізгі тақырыптардың біріне айналып отыр. Жалпы түркі елдері технология мен инновация саласындағы ықпалдастықты қаншалықты күшейтіп жатыр?
- Қазір түркі әлемі көптеген сала бойынша өзара ықпалдасып келеді. Бұл бағыттағы негізгі құжат – «Түркі әлемі – 2040» тұжырымдамасы. Сол құжатта түркі мемлекеттерінің даму бағыттары нақты көрсетілген. Мұнда өте ауқымды мақсаттар қойылған. Шынын айтқанда, қамтылмаған сала қалмаған деуге болады.
Ал жасанды интеллект мәселесіне келсек, бұл – уақыттың талабы. Қазір заман көшінен қалып қойған елдердің артта қалатыны анық. Мұны Қытай мен АҚШ-тың мысалынан анық көруге болады. Сондықтан түркі мемлекеттері де бұл үрдістен шет қалмай, жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беріп отыр.
- Дегенмен жасанды интеллектіні жаппай енгізуге қатысты күмәніңіз де бар сияқты...
- Иә, мен бұл мәселеге сәл сын көзбен қараймын. Жасанды интеллект барлық жерде шексіз қолданылуы керек деген пікірмен толық келіспеймін. Себебі әр елдің өз ерекшелігі, қоғамның даму моделі бар. Соның бәрін ескеру керек. Тіпті осы туралы мақалаларымның бірінде «Жасанды интеллектіге сен, бірақ өзің де қапы қалма» деп жазғанмын. Біз білім саласында жүргендіктен, бұл мәселе біз үшін өте маңызды.
Жасанды интеллект – екі ұшы бар құрал. Бір жағынан, ол үлкен мүмкіндіктер ашады, миллиондаған сағат уақытты үнемдейді. Бірақ екінші жағынан, оның ішінде үлкен қауіптер де бар. Сондықтан бұл жерде тепе-теңдік қажет.
- Қандай қауіптер туралы айтып отырсыз?
- Мысалы, ғылым мен медицинадағы көптеген жаңалық жасанды интеллектімен байланысты. Кейде жасанды интеллект адамның көзі байқамаған дүниені анықтай алады. Адам шаршайды, кейбір факторларды ескермей қалуы мүмкін. Бірақ бәрібір техникалық ақаулар немесе басқа да нюанстар болуы ықтимал. Ондай жағдайда жасанды интеллект кей дүниені ескермей қалуы мүмкін.
Сондықтан адам рөлі әлі де маңызды болады деп ойлаймын. Кем дегенде алдағы ондаған жылда Homo sapiens жасанды интеллектіден алда жүруі керек. Жасанды интеллект мақсатқа жетудің құралы ғана. Ғылымда да, медицинада да, білім беру саласында да ол – адам, қоғам және мемлекет қойған міндеттерді орындауға көмектесетін құрал.
- Яғни адами факторды толық алып тастау мүмкін емес дейсіз ғой?
- Әрине. Мен мұны студенттеріме де үнемі айтып жүремін. Егер адам сыни ойлау қабілетін жоғалтса, онда жасанды интеллект оны басып озады. Сондықтан адам ақылы әрдайым алда тұруы керек. Ал жасанды интеллект тек көмекші құрал болуы тиіс.
Мақсатты адам қояды. Ол мақсат экономикада болсын, медицинада болсын, ғылымда немесе білім беру саласында болсын – нақты міндеттерді шешуге бағытталуы керек.
- Бүгін біз Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға сапары аясында жасанды интеллект мәселесінің де талқыланып жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан мен Түркия бұл бағытта қандай саясат ұстанып келеді?
- Бұл жерде Қазақстан мен Түркияның ұстанымдары әртүрлі екенін айту керек. Қазақстан жасанды интеллект мәселесінде көпвекторлы саясатына сай әрекет етеді. Яғни бір ғана серіктеске немесе бір ғана технологиялық орталыққа тәуелді болғысы келмейді. Қытайға да, Еуропаға да толық байланбай, өз мүддесіне сай саясат жүргізуге тырысады.
Қазақстанның бұл саладағы басты артықшылығы – цифрлық мемлекет құру бағыты. Қазір Қазақстан ТМД кеңістігінде цифрлық қызмет көрсету бойынша көшбасшылардың бірі саналады. eGov жүйесі, бизнес тіркеу, мемлекеттік қызметтердің онлайн көрсетілуі – мұның бәрі халықтың өмірін жеңілдетіп отыр.
Ендігі мақсат – осы жүйелерге жасанды интеллектіні енгізу. Яғни интеллектуалды мемлекеттік қызметтерді дамыту, цифрлық көмекшілер мен аналитикалық жүйелерді күшейту. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – аймақтағы жасанды интеллект орталығына айналу, халықаралық компанияларды тарту, деректер инфрақұрылымын қалыптастыру және Орта дәліз аясында цифрлық хаб болу.
Сондықтан Қазақстан Түркиямен, Парсы шығанағы елдерімен, Еуропалық одақпен және АҚШ-пен ынтымақтастыққа қызығушылық танытып отыр.
- Ал Түркия ше?
- Түркияда жағдай сәл өзгеше. Мұнда жасанды интеллект бойынша ұлттық стратегияға көбірек мән беріледі. Түркия аймақта алғашқылардың бірі болып жасанды интеллектінің толыққанды ұлттық стратегиясын қабылдады.
Негізгі мақсат – жасанды интеллектінің жалпы ішкі өнімге қосатын үлесін арттыру, осы салаға мамандар даярлау және ұлттық мүддеге сай платформаларды дамыту. Бұл Түркияның екінші ғасырлық мемлекеттік кезеңіне аяқ басуымен де байланысты деп ойлаймын. Ел өзінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тәуелсіз цифрлық экожүйе қалыптастыруға ұмтылып отыр.
Сондықтан қорғаныс өнеркәсібінде де жасанды интеллект кеңінен қолданылып жатыр. Түркия бұл салада драйвер елге айналып келеді. Жақында ғана Бельгиядан 400-ден астам адамнан тұратын делегация келіп, Түркиямен ынтымақтастыққа үлкен қызығушылық танытты. Бұл жасанды интеллект саласына да қатысты.
Жақында өткен қорғаныс технологиялары көрмесінде де осы бағыттағы көптеген жоба таныстырылды. Барлық жерде жасанды интеллектінің қолданылып жатқанын көрдік. Мұнда адамды толық алмастыру емес, тәуекелді азайту мақсаты тұр.
Мысалы, бір ұшқыш жасанды интеллект көмегімен бірнеше ұшақты қатар басқара алады. Яғни автономды технологиялар адам өміріне төнетін қауіп-қатерді азайту үшін енгізіліп жатыр. Сонымен қатар Түркия Батыстың кодтары мен алгоритмдеріне тәуелді болмайтын өзіндік жүйесін құруға тырысып келеді.
- Демек, Түркия түркі әлемі үшін ортақ цифрлық платформа қалыптастыруға ұмтылып отыр дейсіз ғой?
- Иә, меніңше, Түркия түркі әлемі үшін ортақ жасанды интеллект платформасын қалыптастыруға ұмтылып отыр. Сондықтан Түркістандағы саммиттің негізгі тақырыбы ретінде жасанды интеллектінің таңдалуы кездейсоқ емес.
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!