Түркиялықтар босқындарды қабылдауға қарсылық танытты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сириялықтардың елге қоныс аударуына наразы Түркия тұрғындары мигранттарға тиесілі дүкендерге, көліктерге және басқа да мүлікке шабуыл жасай бастады, деп жазады Reuters.
Анкарада сириялық босқын төбелес кезінде екі түрікті өлтіргеннен кейін шиеленіс күшейе түсті. Бұның соңы түріктердің Анкарадағы мигранттар тұратын аймаққа жаппай шабуылдарын күшейтті.
Әлеуметтік желілердегі фотосуреттер мен видеолардан полицейлер қоршауын бұзып, көліктерді сындырып, өртеп, дүкендердің терезелері мен үйлердің терезелеріне тас лақтырған адамдардың айқайлағанын көруге болады.
Reuters агенттігінің мәліметінше, тәртіп сақшылары аспанға оқ атқан. 76 бүлікші ұсталды. Анкара полициясының мәліметінше, ұсталғандардың 38-інің қарақшылық, зорлық-зомбылық және пәтер тонауға қатысты қылмыстары болған.
Билік жергілікті тұрғындарды тыныштандыру үшін аймаққа арнайы жасақты жіберді, ал кейбір сириялықтар елді мекеннен эвакуацияланды. Бірнеше сағаттық қақтығыстан кейін тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті қалпына келтірді.
Түркия шамамен 3,7 миллион сириялық босқындарды қабылдады. Ал соңғы толқулар Ауғанстандағы қақтығыстар кезінде Ираннан Түркияға келетін ауған босқындарының санының өсуінен қорыққандықтан болған.