Түркияда жартылай коменданттық сағат енгізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел үкіметі пандемиямен күресу үшін жаңа шектеулер жариялады. Олардың ішінде - демалыс күндері қозғалысты шектеу шарасы бар, деп хабарлады ТАСС. 

Түркия аумағында коронавирустық инфекцияның таралуымен күресу үшін демалыс күндері ішінара локдаун енгізіледі. Бұл туралы Республика президенті Режеп Ердоған 17 қарашада мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, демалыс күндері сағат 10.00-ден 20.00-ге дейінгі уақытты қоспағанда, коменданттық сағат енгізіледі. Елде кафелер мен мейрамханалар жабылады, бірақ жеткізіп беру қызметіне рұқсат етіледі.

Инфекциямен күресудің тағы бір қадамы жыл соңына дейін елдегі барлық кинотеатрды жабу туралы шешім болды.

Күзгі демалысқа кеткен мектептер жаңа жылға дейін ашылмайды, оқу онлайн режимде өтеді.

Инфекцияның анықталған жағдайларының абсолютті саны бойынша Түркия әлемде 25-орында (421 мыңнан астам адам). 

Джон Хопкинс университетінің 17 қарашадағы мәліметтері бойынша, әлемде 55 миллионнан астам адамнан коронавирус инфекциясы анықталды, 1,3 миллионнан астам адам қайтыс болған.

Айта кетейік, Қазақстанда өткен тәулікте 682 адамнан коронавирус анықталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы