Түркияда қазақстандық пен оның екі жасар сәбиі қаза тапты
Түркияның Алания қаласында сафари-көлік пен жеңіл автомобиль соқтығысты. Салдарынан 3 адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ TRT Haber сайтына сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғасында қазақстандық Арайлым Нұғманова оқиға орнында көз жұмды. Ресейлік турист Ольга Жукова мен 2 жасар қазақстандық сәби ауруханада қайтыс болды.
Екі көлікте болған 20-ға жуық адам зардап шеккен. Олардың арасында Қазақстан, Түркия, Израиль және Ресей азаматтары бар.
Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтардың бүгін елге оралуы тиіс болғанын айтты.
Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі Түркияда 1989 жылы туған қазақстандық әйел мен оның екі жасар қызының қайтыс болғанын растады.
Отбасының отағасы 1986 жылы туған ер адам ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. 2014 жылы туған ұлы ауруханада және оның денсаулығы мен өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Қазақстандық дипломаттар отбасымен тығыз байланыста. Оларға барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіледі. Бұл отбасы Түркияда турист ретінде болған және бүгін елге оралуы керек еді, - деді министрлік.