28 Қазан 2026, 10:45 Фото: DHA

Түркияда қазақстандық бойжеткеннің қаза болуы: Бейнебақылау камераларының жазбалары пайда болды

Түркияда қазақстандық 26 жастағы Айсулу Бекмаханованың қаза болуына байланысты тергеу жалғасуда. DHA агенттігінің хабарлауынша, бейнебақылау камералары қайғылы оқиғаға дейін бойжеткенді түсіріп қалған.

Жазбалар нені көрсетті?

БАҚ мәліметтері бойынша, кадрларда Айсулу өзінің сүйіктісі делінетін ер адамға келіп, кейін оның үйінен шығып кеткені көрінеді. Қыз көшемен жүріп өтіп, өз пәтеріне оралады. Ер адамның өз айтуынша, ол үйінен таңғы сағат 07:40 шамасында кеткен.

Күдіктілер сот бақылауымен босатылды

Іс бойынша марқұммен бірге тұрған 22 жастағы Ресей азаматшасы Дарья Б. мен 35 жастағы Мазхар Т. ұсталған еді. Олар жауапқа алынып, сотқа жеткізілгенімен, кейін Түркия аумағынан шығуға тыйым салынып, сот бақылауымен босатылды.

Тергеу әлі де жалғасуда, оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Қайғылы оқиға қалай болды?

Айсулу 25 қазан күні таңертең Ыстанбұлдың Шишли ауданында қаза тапты. Алдын ала нұсқа бойынша, бойжеткен алтыншы қабаттың балконынан көрші ғимараттың шатырына өтпек болған. Аяқ астындағы панель сынып кетіп, ол ғимараттар арасындағы бос кеңістікке құлаған.

Оқиға орнына келген дәрігерлер оның қайтыс болғанын растады. Оқиғадан кейін полиция істің мән-жайын білуі мүмкін деген екі адамды ұстаған болатын.