10 Қазан 2026, 17:09 Фото: istockphoto.com

Түркияда қарашадан бастап балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салынды

Жаңа ереже бойынша 15 жасқа толмаған балаларға аккаунт ашуға тыйым салынып, жасөспірімдердің әлеуметтік желідегі әрекеттеріне шектеулер енгізіледі.

Түркияда 2026 жылғы 1 қарашадан бастап әлеуметтік желілерге 15 жасқа толмаған балаларға қызмет көрсетуге тыйым салынады. Тиісті ереже 10 қазанда Resmî Gazete ресми газетінде жарияланды, деп хабарлайды түркиялық LOG басылымы.

Ал 15–17 жастағы жасөспірімдер үшін қауіпсіздік пен құпиялылыққа қатысты жеке талаптар енгізіледі.

Аккаунт ашу кезінде платформалар пайдаланушылардың жасын тексеруге міндетті болады. Ол үшін мемлекеттік e-Devlet порталы арқылы растау жүйесі қарастырылған. Жүйеде пайдаланушының жас санаты көрсетіледі, бірақ оның аты-жөні, нақты жасы және жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін өзге де деректер жарияланбайды. 15 жасқа толмағандардың аккаунт ашу туралы өтініштері қабылданбайды.

15–17 жастағы жасөспірімдердің аккаунттары жабық болады және оларды көпшілікке қолжетімді етуге рұқсат берілмейді. Оларға тек өздері жазылған пайдаланушылар ғана хабарлама жібере алады. Бұл жас санаты үшін тікелей эфир жүргізуге, контактілерді синхрондауға және жеке деректерді жекелендірілген жарнама үшін пайдалануға тыйым салынады. Балалардың профильдері басқа пайдаланушыларға ұсынылмайды, сондай-ақ жасөспірімдерге жазылуға болатын өзге аккаунттар көрсетілмейді.

Әлеуметтік желілер ата-аналар мен қамқоршыларға профиль баптауларын басқаруға және платформаны пайдалану уақытын шектеуге арналған құралдарды да ұсынуға міндеттеледі. Ақылы операцияларды ата-ана бақылауына қойып, шығындарға лимит белгілеуге болады.

Платформалар қолданыстағы аккаунт иелерінің жасын 2027 жылғы 31 наурыздан кешіктірмей тексеруі керек. Егер пайдаланушы 15 жасқа толмаған болса, оған алдын ала ескерту жасалғаннан кейін аккаунты жабылады.