Түркияда өтетін IV ДКО-ға дайындық басталып кетті – Рахат Жақсыбай
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұған дейін Түркияда өтеді деген IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары пандемия салдарынан екі жыл кейін шегерілген болатын.
Ал биылғы әлемдік эпидемиологиялық ахуалды бағамдай отырып, 2022 жылдың қыркүйек-қазан айларының бірінде Түркияның Бурса қаласында өткізу туралы шешім қабылданды.
Осыған байланысты әлеуметтік желі қолданушылары мен ұлттық спорт жанкүйерлері бірқатар сұрақ жолдаған екен. Соны ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбайға қойған едік.
- Көшпелілер ойындарына қатысамыз деп қоямыз, шақыру келді ме, өзі? Ол жақтың дайындығы, ойын кестесі берілді ме?
- Апта басында Түркі мемлекеттері ұйымы хатшылығы, Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының жауапты тұлғаларымен байланысқа шығып, аталған фестивальдің өту тәртібі мен бағдарламасына қатысты толыққанды ақпарат беруін сұрадым. Ұйымдастыру тарабы қазіргі уақытта жұмыстары қызу жүріп жатқанын және толық мәлімет дайын болғанда арнайы талқы және ақпараттандыру болатынын хабарлады.
- Жақсы, олардың дайындығы басталған екен, ал өзіміздің дайындығымыз қалай? Бұл жарысқа ел құрамасын апаруды Ұлттық спорт қауымдастығынан басқа қай мекеме жауаптанады?
- Көшпенділер ойындары кешенді жарыс болғандықтан, мұндай жарысқа мемлекет атынан делегация жіберіледі, құрам мемлекеттік ведомство жанындағы ұйымда жасақталады. Бұл ретте Қауымдастық Ұлттық және ат спорты орталығы мемлекеттік мекемесімен бірлесіп ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарын бастап кетті.
- Көшпенділер ойындары негізінен Азия халықтарының ұлттық ойындары мен ұлттық спортынан өтетінін білеміз. Десе де, биылғы өтетін ДКО-да нақты қандай ойындар қамтылады?
- Көшпенділер ойындарында қандай ойын түрлері болатыны әлі нақтыланған жоқ. Ойындар бағдарламасын бекіту бойынша Түркі мемлекеттері ұйымы хатшылығы сәуір айында жиын өткізуді жоспарлаған. Алайда, бұл жиын шегеріліп, енді маусым айында өтуі мүмкін деп жатыр. Сол жиында қандай ойын түрлерінен өтетіні анықталады деп ойлаймын.
- Қазіргі басты әңгіме көкпар спортына қатысты. Анығы көкпар ойынының ережесіндегі қазандық пен шеңбердің мәселесі. ДКО шеңберге ойналатыны жайлы шешім шыққан еді, оған өзгеріс енгізілген жоқ па?
- Көкпар ойынының ережесіне қатысты 2020 жылы Анталияда өткен этноспорт форумы аясында он елдің федерация жетекшілері «шеңбер» ережесін дауысқа салып, IV Көшпенділер ойындарында осы ереже қолданылады деп ортақ шешім қабылдаған. Осы шарадан кейін ережеге қатысты талқы болған жоқ.
- Бұл шешімге қырғыз бауырларымыз қалай қарар екен? Бұған дейін ойындарды ұйымдастырушы мемлекет ретінде өз ережелерімен ойнап келген еді?
- Апта басында Қырғызстанда көкбөрү және көкпар бойынша екі ұлттық құрама түзіледі деген ақпарат жарыққа шықты. Алайда, Көшпенділер ойындарында көкпар екі түрлі ережемен ойналады деген ақпарат болмады. Тиісінше, біз ұйымдастырушы тараптан нақты ақпарат күтіп отырмыз.
- Өзіңіз білесіз, ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында біздің көкпаршылар Қырғызстан ойыншыларына жол берген болатын. Бұл туралы әжептәуір дау болғаны да есімізде. Биылғы ДКО-ға дайындық қалай?
- Ұлттық құраманың дайындығы ересектер және жастар арасындағы чемпионаттарда спортшылардың дайындығы мен мүмкіндіктерін бағалаудан басталады. Біз бұл кезеңдерден өттік: наурыз айында жастар, сәуірде ересектер чемпионатын өткізіп алдық. Ұлттық құраманың құрамына қатысты өзгерістер мен толықтырулар жасауға мүмкіндік бар.
- Яғни, сақадай саймыз дейсіз ғой. Жақсы, әңгімеңізге рахмет!